09 қыр, 2019 сағат 12:15

Зайсан көлінде екі балықшы жоғалып кетті

Шығыс Қазақстанның Тарбағатай ауданында екі балықшы жоғалып кетті. Бұл туралы "Ұлт ақпарат" ШҚО Төтенше жағдайлар департаментіне сілтеме жасап хабарлайды.

41 және 26 жастағы балықшылар 6 қыркүйек күні кеткеннен үйлеріне оралмаған. Олар мінген қайық Зайсан көлінен табылған. Соған қарап, балықшылар батып кетті деген болжам айтылуда.

«Жүзу құралы жағадан бір шақырым жерден табылды. Балықшыларды көргендердің айтуынша, қайықта құтқару кеудешесі мен шеңбер болмаған. Ал жас балықшы жүзу білмеген. Оқиға орнына Өскеменнен сүңгуірлер барды. Олар жағадан 10-15 шақырым аумақта 15 метр тереңдікке дейін іздеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Су астындағы іздеу күн сайын қас қарайғанша жалғасады», - делінген департаменттің баспасөз қызметі таратқан мәліметте.

Іздеу жұмыстарына маңайдағы ауылдардан ерікті тұрғындар да тартылған. Әуеден де тікұшақ арқылы іздеу жүріп жатыр.