ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев халық арасында қымбат бағаға сатылған заңсыз қорғаныс бұйымдары туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қиын кезеңде қорғаныс бұйымдары мен антисептикті заңсыз сатқандар да бар. Полиция дәл осындай 27 фактінің жолын кесті. Тұрғындарға қымбат бағамен сатылған 2 млн медициналық маска, 4 мың қорғаныс костюмі және 10 тонна дезинфекциялық құрал заңсыз айналымнан алынды. Кінәлілер жауапқа тартылып жатыр», - деді министр Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде.
Сонымен бірге министр ойын-сауық орталықтарының да заңсыз жұмыс істегенін айтты.
«Жиі болатын қылмыстардың қатарында сауда нысандарының, ойын-сауық және көңіл көтеру нысандарының заңсыз жұмыс істеуі бар. Карантин режімін ұстанбағаны үшін 1 800 құқықбұзушы әкімшілік жауапқа тартылды. Олардың 400-ден астамы қамауға алынды, 500 - айыппұл салынды және қалған материалдар сот қарауында жатыр», - Е. Тұрғымбаев.
Бұған дейін министр Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларына заңсыз кірмек болған 33 адам жауапқа тартылғанын хабарлаған еді.