27 шіл, 2022 сағат 22:03

Заңсыз алтын іздеушілерден Бестөбе шахтасынан дереу шығу талап етілді


Ақмола облысының Бестөбе кенішіндегі шахтада алтын кенін заңсыз іздеумен айналысып жүргендер әлі де бар. «Алтыналмас АК» АҚ-ның басшылығы шахтаға өз бетімен түскен адамдардың өміріне алаңдап отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

««Алтыналмас АК» АҚ Бестөбе кенішінің істен шыққан алтын өндіру шахтасында заңсыз алтын өндірушілердің өлімге ұшырағанына алаңдап отыр. Осыған байланысты аталмыш шахтадағы заңсыз кеншілерді шахтадан шұғыл түрде шығуға шақырады.

Компания Бестөбе кенішіндегі шахтада алтынды заңсыз іздеумен айналысып жүргендердің денсаулығы мен өмірі үшін жауап бермейді. 

Өткен аптада шахтада екі адамның мәйіті, жарақат алған 1 адам табылды. 22 шілдеде 655 метр тереңдікте жарылғыш материалдарды тасымалдауға арналған арбада 1 адамның денесі табылса, 25 шілдеде 1 адамның мәйіті мен көптеген жарақаты бар адам табылды. Олар шахтада жасалған рұқсат етілмеген жарылыс кезінде құлаған тау жыныстарының астында қалған. Заңсыз алтын іздеушілер мәйіттерді кен орнының қызметкерлері жоғары көтеріп алуы үшін шахтаның оқпанына әкелген. 25 шілдеде жер бетіне шығарылған заңсыз алтын іздеушілердің бірінің айтуынша, шахтада заңсыз кәсіппен айналысатын адамдар әлі де бар. 

Компания қайтыс болғандардың отбасыларына көңіл айтып, алтынды заңсыз өндіру заңға қайшы және өмірге аса қауіпті екенін еске салады», - деді ведомстводан.

Осы ретте, «Алтыналмас АК» АҚ-ның баспасөз қызметі Қылмыстық кодекстің 334-бабы бойынша жер қойнауын өз бетінше пайдаланғаны үшін жауапкершілік қарастырылғанын, заң бұзған адамдар 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін екенін еске салады. Ал Қылмыстық кодекстің 269-1-бабында күзетілетін аймаққа заңсыз кіргендерге 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі жаза ескерілген. Осы кодекстің 295-1-бабына сәйкес бағалы металдар, асыл тастар, құрамында бағалы металдар бар шикізат тауарларын заңсыз саудалағандар 7 жылға дейін түрмеге қамалуы мүмкін. 

Еске салайық, 22 шілдеде Бестөбе алтын кенішінде ер адамның денесі табылды. 25 шілдеде тағы бір адамның мәйіті мен зардап шеккен бір адам анықталды. Олардың барлығы бір жылға жуық уақыттан бері тоқтап тұрған шахтада алтын кенін заңсыз іздеумен айналысқан.