Елімізде заңдардың жиі өзгертіліп және толықтырылып отыруы құқықтық мемлекет құру жолындағы талпынысымыз. Соңғы кезде жиі айтылып жүрген әкімшілік және қылмыстық заңнаманы ізгілендіру жайы да соның көрінісі, дәлелі.
Аталмыш мәселені сөз еткенде Елбасының халыққа жолдауына арқа сүйейтініміз анық. Өйткені, жолдау - мемлекетіміздің әлеуметтік-экономикалық қана емес, сонымен бірге құқықтық даму жолын да айқындап отыратын құжат.
Биылғы жолдауында Президент Нұрсұлтан Назарбаев бұл жолдау жаңа әлемге, яғни «Төртінші өнеркәсіптік ревалюция» әлеміне бейімделу мен жетістікке жету жолын айқындайды дей келе, сот және құқық қорғау жүйелерін институционалды тұрғыдан өзгерту міндетін қойды. Заңнамаға қылмыстық процестегі азаматтардың құқықтарын қорғау ісін күшейтуді, оның әсіре қатаңдығын бәсеңдетуді көздейтін нормалар енгізілгенін атап өтті.
Қылмыстық заңнаманы ізгілендіру де осы міндет аясында жүктеліп отыр. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы тоқырауда түрлі қылмыстар белең алып, қылмыс деңгейінің артқаны мәлім. Бұл өз кезегінде заңдарды қатайту қажеттілігін тудырғаны сөзсіз.
«Тәртіпке бағынған ел құл болмайды» деп батыр Бауыржан Момышұлы айтқандай, бар салада тәртіп орнату үшін талапты күшейту керек болды. Ал, қазір заманның дидары өзгерді. Соған сәйкес кей баптардағы жаза түрлерін жеңілдету, заңдарды ізгілендіру секілді шаралар бүгінгі күннің талабына айналып отыр.
Елбасының жолдаудағы тапсырмасына сәйкес, мұндай өзгертулер мен толықтырулар көбіне экономикалық қылмыс түрлеріне қатысты орын алмақ. Бұған дейін де жаңадан қабылданған Қылмыстық кодекске «қылмыстық теріс қылық» ұғымы енгізіліп, заңды ізгілендіру жолында қадам жасалған болатын.
Жалпы алғанда, заңды ізгілендіру арқылы қоғамды ізгілендіретінімізді ұмытпауымыз керек.
Марат Нұрбеков,
Алматы қаласы Алатау аудандық сотының судьясы