Салық төлеушілерден көптеп келіп жатқан сұрақтарға байланысты Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті заңды тұлғалар көлiк құралдары салығы бойынша салық міндеттемесін орындау мерзімінің көшірілуіне қатысты түсіндірме берді.
«Салық кодексінің 494-бабының 1-тармағына сәйкес және 496-бабының 1-тармағына сәйкес заңды тұлғалар ағымдағы төлемдер сомасын төлеуді және ағымдағы төлемдердің есеп-қисабын ұсынуды салық салу объектiлерiнiң тiркелген жерi бойынша салық кезеңiнiң 5 шiлдесiнен кешiктiрмей жүргiзуі қажет», делінген хабарламада.
Сонымен қатар, Салық кодексінің 38-бабының 2-тармағына сәйкес, егер салықтық міндеттемені орындау мерзімінің соңғы күні жұмыс күні болмаса, онда мерзім келесі жұмыс күнінің соңында аяқталады.
«Осылайша, 2021 жылы 6 шілде мереке күні екенін және демалыс күннің 5 шілдеге ауыстырылғанын ескерсек, көлiк құралдары салығы бойынша ағымдағы төлемдер сомасын төлеу мен ағымдағы төлемдердің есеп-қисабын ұсыну бойынша салық міндеттемесін орындау мерзімі келесі жұмыс күнінің соңында, яғни 7 шілдеде аяқталады», - деп түсіндірді комитетттен.
Қазір салықтың төлеу мерзімін 7 шілдеге ауыстыруға қатысты ведомствоның ақпараттық жүйелерін жаңарту жүргізіліп жатыр.