Мал ұрлығына қамқоршылық жасайтын шенеуніктер мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері де бар. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында ҚР Бас прокурорының орынбасары Марат Ахметжанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бүгін жалпы отырыста палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық және қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыланып жатыр.
«Мал ұрлығына ерекше назар аударылуда. Қылмыстың бұл түрін жеке құрам етіп шығару пікірталас тудырды. Біз бұл мәселе бойынша халықаралық тәжірибені зерттедік. Көптеген елдерде қоғам мен экономика үшін маңызы зор нысандарға қол сұғу қылмыстық кодексте жеке бап ретінде бөліп шығарылған. Олар үшін жаза да басқа», - деп тоқталды М. Ахметжанов.
Осы орайда бүгінде елімізде мал ұрлығы қылмыстық кәсіпке айналғанын атап өтті.
«Енді мал ұрлығына тоқталсақ, не себепті мұндай қадамға барып отырмыз? Ауыл десе барлығымыз елең ете қаламыз. Себебі, ауыл – ел бесігі. Жақын туыстарымыз тұрып жатыр, халқымыздың 42 пайызға жуығы ауылда тұрады. Ал ауыл өмірі малмен байланысты, өйткені елдің тұрмыс-тіршілігі төрт түлікте. Қазір мал ұрлығы елдің берекесін кетіруде.Ұрланған үйір-үйір жылқы мен табын-табын ірі қара елдің жанына ауыр батады. Бұл проблема баршаға мәлім. Тергеу практикасын зерделеу мал ұрлығының қылмыстық кәсіпке айналғанын көрсетіп отыр. Оны ұйымдастыратын, орындайтын, сатып алатын, жүк таситын, базарда өткізетін қылмыстық топтар қалыптасқан. Бұл қылмыстарға қамқоршылық жасайтын шенеуніктер мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері де бар. Бұл әрекет нақты ұйымдасқан қылмыстық топ белгісі бар қылмыстар болып саналады. Қазір мал ұрлаған адам залалын өтесе, қылмыстық іс қысқартылып, түбегейлі тергеу жүргізілмейді. Қылмысты негізгі ұйымдастырушы, басқа қатысушылар анықталмайды, қылмыстық байланыс ашылмай қалады», - деді ол.
Осы орайда, ол статистика бойынша ұрлық бойынша істердің көбісі татуласумен аяқталып жатқанын атап өтті.
«Басты себебі – ұрлаған малды қайтарып, кешірім келіп жатады. Сондықтан осы қылмыс түрімен күресті күшейтіп, жауаптылықты қатаңдату керек. Енді заң жобасына тоқталсақ, жай құрам үшін 5 жыл ескерілген. Егер адам тобымен алдын ала сөз байласумен ірі мөлшерде ұрлық болса, 7 жылға дейін. Бірнеше рет бұзып кіргені үшін - 10 жыл. Аса ірі көлемде және қылмыстық топ болып ұрлық жасаса, 12 жыл бас бостандығынан айыру көзделген. Бұл шара елдің малын қорғау үшін, халықтың берекесін сақтау үшін керек», - деді Бас прокурордың орынбасары.