11 там, 2023 сағат 18:47

Заң: Алматылықтарға тегін кеңес беріледі



Алматылықтар енді тегін құқықтық көмек ала алады. Бұл туралы бүгін «Social project management» орталығының директоры Бейбіт Молдахметұлы мәлімдеді. Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының қолдауымен «Заң кеңесі» жобасы өз жұмысын бастады, –  деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».

Бұл жоба аясында қала тұрғындарына заңдық көмектер көрсететін орталық құрылып, мемлекеттік және орыс тілдерінде бірыңғай тұрақты телефон нөмірі бар «жедел желі» жұмысы іске қосылған. Орталыққа келушілерге заң мәселелері бойынша ақпараттық консультациялар беріледі. Қаладағы барлық аудандарда жылжымалы мобильді заң қызметтері ұйымдастырылады. Азаматтарға заңдық құжаттар (арыз, талап, өтініш және т.б.) дайындауда әдістемелік көмектер көрсетіледі.

«Бүгінде сотқа талап-арыз жазатындар көбейді. Бұған қарап құқықтық сауаттың артқанын байқай аламыз. Дегенмен бүгінде құқықтық кеңесті кез келген адам ала алмайды, әлеуметтік жағдайы төмен адамдар заңгерлерден ақылы кеңес сұрай алмайды. Біз осы мақсатта қарапайым халыққа тиімді болу үшін арнайы жоба бастап отырмыз. Бұл жобаның аты – «Заң кеңесі» деп аталады. Үш жылда іске асады. Осы жоба аясында кез келген санаттағы Алматы қаласының тұрғынына құқықтық, заңдық көмек көрсетеміз. Барлығы тегін, олардан ешқандай ақша алынбайды. Өйткені жобаны үкіметтік емес ұйым іске асырып жатыр. Заңгерлердің, ұйымдастырушылардың ақысын басқарма, әкімдік төлеп отыр, – дейді «Social project management» орталығының директоры Бейбіт Молдахметұлы.

Аталған жоба Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының қолдауымен жүзеге асырылады. Үш жылға бекітілген қаржы көлемі де белгілі.

«Бізде «Заң кеңесі» жобасы мемлекеттік тапсырыс негізінде жүзеге асады. Қазіргі таңда 3 млн 400 мың теңгеге осы жобаны іске асыру жоспарлануда. Бұл үш жылдық жоба, жалпы 11 млн -ға жуық қаржы бөлінген», – дейді Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының бас маманы Ақбота Садық.

Жоба жетекшілерінің айтуынша, бөлінген қаржы аз болғандықтан жоба желтоқсан айына дейін қысқаша жалғасады. Қаржы жетпей жатқан жайдайда демеушілер тарту да қарастырылған. Жоба БАҚ өкілдеріне бүгін таныстырылғанымен, шілде айынан бері құқықтық көмек беруді бастап кеткен.

«Қоғамда құқықтық, әкімшілік құқық бойынша, кредит мәселесі, отбасылық жағдай деген сияқты әртүрлі мақсатта сұрақтар болып жатыр. Сұрақтарына жауап беріп, көмегімізді беріп жатырмыз. Аресттен шешіп беру, алимент мәселесі деген сияқты. Қарызын төлемей жүрген борышкерлер өте көп. Әзәрге кеңсемізде екі заңгер жұмыс істеп отыр, бұйырса үшінші маман қосылады. Біз онлайн да, оффлайн да құқықтық көмек бере аламыз. Қажет адам сайтқа жазып көмек сұраса да болады, немесе кеңсемізге келіп құқықтық мәселелерін шешуге көмек сұрай алады», – дейді «Заң кеңесі» жобасының заңгері Қуат Ауғанбек.

Сонымен қатар zankomek.kz сайты құрылып, «Онлайн кеңесші» интерактивті модульдерінің көмегімен сайтта мемлекеттік және орыс тілдерінде консультациялар жүргізіледі. Ол арқылы тұрғындар сұрақтар қойып, заңгерлерден жауап ала алады.