31 нау, 2022 сағат 16:15

Юрий Ильин елорда көшелерін су басу мәселесіне қатысты пікір білдірді


ҚР Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин Нұр-Сұлтан қаласы көшелерін қалың жауын-шашын кезінде су басу мәселесіне қатысты түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қаланың аумағы, тұрғындары мен құрылыс саны жыл санап артып келеді. Елорда тұрғыны ретінде қалың жауын-шашын кезінде сыр беретін кәріздердің жұмысына қатысты шағыммен келісемін. Бізде бар мәліметке сәйкес, қалалық әкімдік жауын-шашын кәріздерінің санын арттыру бағытында шара қолданып жатыр», - деді Ильин Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында. 

Сондай-ақ, министр құрылыс жобасын жоспарлаған кезде жауын-шашын кәріздері мәселесін естен шығармау керектігін айтты. 

«Бұл жерде мәселені сәулетшілер мен құрылыс компанияларының алдына қою керек. Тұрғын үй, ғимараттарды тұрғызар кезде кәріз желісінің қалай жүретінін алдын ала жоспарлаған жөн. Ал егер біздің ведомствоның жұмысына қатысты мәселеге келсек. Су тасқыны қаупінің алдын алу мақсатында қала ішінен өтетін Есіл өзенінің арнасы кеңейтіліп, тереңдету жұмысы жүргізілді», - дейді ол.