© Photo: Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігі
Абай облысында екі орманшы ыс тиіп уланған. Қазір олардың жағдайы жақсарып келеді. Бұл туралы өңір басшысы Нұрлан Ұранхаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Қазіргі уақытта өрт салдарынан 3 үй, 2 техника өртенді. Ыс тиіп уланған орманшылықтың 2 қызметкерінің жағдайы жақсарып келеді", - деді Нұрлан Ұранхаев үкімет отырысында.
Әкімнің айтуынша, жоғалған тракторшы Сергей Архиповты іздеу жалғасып жатыр.
13 маусымдағы жағдай бойынша өрттің жалпы ауданы шамамен 60 мың гектарды құрайды, оның 43 мың гектары – белсенді термо нүктелер.
"Елді мекендерге қауіп жоқ. Өртті сөндіру екі бағытта жалғасуда", - деді ол.
Қазір Бұлақ, Талица, Половинки елді мекендерінің тұрғындары эвакуацияланған. Көшіру орындарында полицейлер кезекшілік атқарып жүр. Өрт сөндіруге тартылған және эвакуацияланған азаматтар үшін азық-түлік жеткізіліп жатыр.
"Президенттің тапсырмасымен Успенский орманшылығының қаза тапқан 14 жұмысшысының отбасына көмек көрсетілуде. Бүгінгі таңда әрбір отбасына бюджет және бюджеттен тыс қаражат аясында қажетті көмектің дербес карталары жасалды. Сонымен қатар, зардап шеккендерге көмек көрсету және өрт салдарын жою үшін арнайы "Ақ Ертіс" қайырымдылық қорында шот ашылды", - деді Ұранхаев.
Облыс әкімінің айтуынша, барлық мемлекеттік төлем уақытылы және толық көлемде көрсетіледі.