17 қар, 2018 сағат 11:28

Ынтымақтастық туралы келісім-шартқа қол қойылды

Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті мен Шоқан Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты арасында ынтымақтастық туралы келісім-шартқа қол қойылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Ондағы мақсат - ХҚТУ-дің тарих кафедрасында оқитын студент жастардың мамандығына деген қызығушылықтарын арттыра отырып, ғылыми жұмыстармен айналысу, іргелі зерттеулер жүргізу.

Айта кететін жайт бүгінгі таңда аталмыш университетте тарих мамандығы бойынша 91 студент білім алуда. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитеті Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты негізінен қазақ халқының тарихы, антропология және этнология мәселелері бойынша іргелі ғылыми зерттеу жұмыстарын кешенді түрде терең жүргізумен айналысады. Сонымен қатар тарихнама, тарихи демография, мәдениет және ғылым, этноәлеуметтану мәселелері бойынша зерттеулер жүргізеді.

Осыған сәйкес университет президенті Болатбек Абдрасилов алдағы уақытта екі тарап бірлесе жұмыс жасайтындықтарын білдіріп, ғылым саласына көп көңіл бөлетіндігін жеткізді. Тиісінше Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының директоры Зиябек Қабылдинов университет кітапханасына мәні мен маңызы зор құнды кітаптарды сыйға беріп, алдағы уақытта екі білім ордасы арасында тығыз қарым-қатынас орнатуға ниетті екендіктерін білдірді. Қос тараптан қол қойылған келісім-шарт негізінде ғылыми зерттеулер мен жинақтардың саны артпақ. Сондай-ақ ХҚТУ-дің студент жастары меморандум негізінде аталған институтта өндірістік тәжірибеден өтіп, білімдерін жетілдірмек.