22 қар, 2022 сағат 14:54

Вице-премьер Ресейдің өтініші жайлы: Бізге тиімсіз болса, келіспейміз

© Photo: primeminister.kz

Ресейлік экспорттаушылар үшін Қазақстан теміржолы арқылы тасымалдау тарифтерін төмендету мәселесі 28 қарашада Орынборда талқыланады. Бұл туралы вице-премьер – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Министр Қазақстан мен Ресей серіктес екенін, бір-бірінен ештеңе талап етпейтінін атап өтті.

"28 қарашада Орынборда екі Президент жүргізетін өңіраралық форум өтеді. Ресей тарапы сол уақытта бізбен келіссөз жүргізуге сұранды. Мен Оверчук мырзамен (Ресей үкіметі төрағасының орынбасары) кездесемін және біздің тараптан үлкен делегация қатысады. Ресей арқылы транзитпен өтуге мүдделі ірі бизнесмендерді де өзіммен бірге ертіп барамын. Ресей тарапы да өз кәсіпкерлерін алып келетін шығар. Сол жерде осы мәселені талқылаймыз", - деді Жұманғарин Үкімет кулуарында.

Айтуынша, бұл мәселеде мүдде балансын табу қажет.

"Егер бұл бізге тиімсіз болса, әрине, біз бұған келіспейміз. Біздің теміржол басшылығы да өз ойын айтуы керек. Өйткені теміржол – шаруашылық жүргізуші субъект, ол транзиттен ақша тауып отыр. Оның есебінен ішкі тасымал, соның ішінде жолаушылар тасымалы қамтамасыз етіледі", - деді сауда министрі.

Министрдің айтуынша, Қазақстан тарапы да Ресей арқылы транзиттің құнын төмендетуді сұрап отыр.

"Мысалы біз де Ресей арқылы жеңілдік сұраймыз. Өздеріңіз білесіздер, Еуропаға көмір тасу керек, басқа да кен бар. Біз қазір Ресейден порттарға елу пайыз жеңілдік сұрап жатырмыз. Олар да бізден жеңілдік сұрайды. Бұл енді сауда ғой", - деді ол.

Жұманғарин тариф ұзақ жылдар бойы өзгермегенін атап өтті. Ал Ресейдің дәнді дақылдар транзиті керісінше ұлғайған.

Бұған дейін Ресей Қазақстан арқылы астық тасымалдау тарифін төмендетуді сұраған болатын.