ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова бастаған үкіметтік комиссия көпбалалы отбасылармен кездесті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Атырау облыстық өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
Бүгін Атырау облысына жұмыс сапарымен келген үкіметтік комиссия жұмысын жалғастырды. Республикалық «Әлеуметтік қамқорлық» бағдарламасы аясында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова аймақтағы көпбалалы отбасылармен кездесті. Үкіметтік комиссия төрттен сегіз балаға дейін тәрбиелеп отырған көпбалалы отбасыларға барды. Мысалы, көпбалалы ана Зульфия Қайырова алты бала тәрбиелеп отыр. Отбасы айына 45 мың теңгеге шағын жеке үйді жалға алған. «Күміс алқа» иегері қазір декреттік демалыста. Зульфияның жолдасы жүргізуші болып жұмыс істейді, жалақысы - 150 мың теңге. Мемлекеттен алатын жәрдемақыларды қоса есептегенде отбасының жалпы табысы баспана алу үшін қаражат жинауға жетпейді.
Вице-Премьер Гүлшара Әбдіқалықова көпбалалы анаға атаулы әлеуметтік көмек пен тұрғын үй көмегін алу ережелерін түсіндіру керектігін айтты. Зульфияның өңірдегі «Іскер ана» жобасына қатысуы отбасылық жағдайдың жақсаруына септігін тигізбек.
«Курсқа қатысу арқылы жаңа мамандықты меңгеріп қана қоймай, өзіңізге ұнаған кез келген мамандық бойынша қайта оқуға болады. Алдағы күндері жеке кәсіп ашуға бір реттік қайтарымсыз ақшалай сертификат беруді бастаймыз. Мамыр айынан бастап көп балалы отбасыларға жалға берілетін үй, тиімді шарттармен ипотекалық несие беріледі, осы шаралар елдің әл-ауқатын көтеріп, проблемаларды шешеді деген сенімдеміз», - деді Гүлшара Әбдіқалықова.
Үкіметтік комиссия барған көпбалалы отбасылардың басым бөлігін тұрғын үй мәселесі, жұбайлардың бірінің жұмысы болмауы, мемлекеттік қолдау туралы насихаттың аздығы толғандырды. Ауылдан көшіп келгендер үшін қалаға тіркеуге тұру мәселесі де өзекті.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев әр әйелмен жеке сөйлесіп, жеңілдіктер мен әлеуметтік төлемдер туралы түсіндірді.
«Атырау облысына Мемлекет басшысының тапсырмасымен жаңа әлеуметтік реформаны түсіндіру мақсатында келдік. «Әлеуметтік қамқорлық» бағдарламасының арқасында ешбір отбасы назардан тыс қалмайды, осы мақсатта республикалық бюджеттен қаражат бөлініп отыр. Біздің міндетіміз - әр қазақстандықтың мемлекеттен нақты көмек алуын қамтамасыз ету», - деп атап өтті Бердібек Сапарбаев.
Жұмыс сапарының соңында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова мен Бердібек Сапарбаев азаматтарды қабылдады. Көпбалалы аналар тиісті әлеуметтік төлемдер туралы, әлеуметтік осал топтағылар мемлекеттік қолдау шаралары туралы мәлімет алды.