Сумен жабдықтау процестерін автоматтандыру қажет. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Ауыз су тапшылығы себептерінің бірі суға салғырт қарау болып тұр. Бұл өз кезегінде өткізу бағасы төмен болған кезде тұтыну көлемінің жоғары болуына сеп болды. Тариф қалыптастырудың әлеуметтік әдісі де су арналарын қаржыландырудың жеткіліксіздігіне, соған орай жүйенің жылдам тозуына алып келді. Осы жайт апаттар санының артуына, судың босқа шығындалуына және оның сапасының нашарлауына жол ашты. Осыған орай бізге суды пайдалану және оның құнын қайтадан бағалау қажет», - деді ол Мәжілістегі дөңгелек үстел барысында.
Оның атап өтуінше, су ресурстарын үнемдеу мақсатында сумен жабдықтау, су бұру және тазарту жүйесінің өндірістік құрылыстарының процестерін автоматтандыру қажет. Ауыз су тұтыну нормасын қайта қарап, есепке алу аспаптарын орнату іс-шараларын қолға алу керек.
«Мәселен, Шымкент қаласында су арналарын толықтай автоматтандыру, су көзінен тұтынушыға дейін есепке алу аспаптарын орнату есебінен 23 жылдың ішінде бір адамның су тұтыну көлемі тәулігіне 456 литрден 121 литрге дейін қысқарды. Бұл шамамен 40 млрд теңгені үнемдеуге мүмкіндік берді. Сонымен қаттар «Астана су арнасын» автоматтандыру есебінен үш жылда 523 млн теңге үнемделді. Ол негізінен электр энергиясы шығындарының қысқаруы, желілерде апатты жағдайлардың төмендеуі есебінен болды. Осыған орай жергілікті атқарушы органдар кәсіпорындармен бірлесіп, жоғарыда аталған іс-шараларды жүзеге асыру ішін нақты шараларды қабылдауы тиіс», - деді бірінші вице-министр.
