ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Еркебұлан Дауылбаев халықты ауылда тұруға қалай ынталандыратынын айтты, деп хабарлайды Қазақпарат.
ҚР Парламенті Мәжілісінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық әктілеріне тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы таныстырылды.
«Ауылдық жерлерде тұрғын үй мәселесін шешу үшін ауылда жалға берілетін үйлер салу кезінде жұмыс берушілердің шығындарын субсидиялау тетігін енгізу ұсынылады. Бұл жұмыс берушілерді өз жұмыскерлері үшін тұрғын үй салуға ынталандыратын болады.
Бұл олардың ауылдық жерлерде тұруға мүдделілігін арттырады және халықтың қалаларға жаппай кетуін тежеп, ауылдық жерлерге білікті мамандарды тартуға мүмкіндік береді.
Субсидиялауға үй пайдалануға берілгеннен кейін оның құнының 50%-ы мөлшерінде және жалпы ауданы 100 шаршы метрден аспайтын, құны 10 млн теңгеден аспайтын жұмыс берушілердің шығындары жатады.
Тұрғын үй жұмыс беруші мен жұмыскер арасында 5 жылдық мерзімге жасалған еңбек шарты болған кезде ұсынылады», - деді министрлік өкілі.
Оның айтуына қарағанда, бүгінгі таңда өңірлерде 2 855 тұрғын үйдің құрылысын бастау жоспарланған.
«Аталған жаңашылдықтарды іске асыру үшін 4 Кодекс пен 19 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажет.
Тұтастай алғанда, жоғарыда көрсетілген шаралар халықты тұрғын үймен қамтамасыз етудің тиімділігін арттыруға, азаматтардың тұрғын үйін алу рәсімін оңтайландыруға, сондай-ақ азаматтардың барлық санаттары арасында тұрғын үйді әділ бөлудің бірыңғай тетігін енгізуге мүмкіндік береді», - деді Еркебұлан Дауылбаев.