27 қаз, 2021 сағат 19:10

Вице-министр: Қазақстанда АЭС салу мәселесі зерттеліп жатыр


Қазақстанда АЭС салу мәселесі зерттеліп жатыр. Бұл туралы Энергетика бірінші вице-министрі Мұрат Жүребеков айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мемлекет басшысы өз Жолдауында осы мәселені бір жылда пысықтауды тапсырды. Қазір біз бұл жөнінде белсенді жұмыс істеп жатырмыз. Яғни, біздің жұмысымыз – осындай жобаларды іске асыру үшін қажетті критерийлерді ескере отырып, ел аумағында АЭС салатын орынды анықтау. Біз сондай-ақ халықаралық сарапшылармен, соның ішінде технология, қуат бойынша консультациялар жүргізудеміз. Бізде тапшылық бола ма, егер болса, қай жылы және қандай көлемде болатынын анықтау үшін электр тұтыну мен электр өндірісінің теңгеріміне қараймыз. Бұл жұмыстардың барлығы қазір кешенді түрде жүргізілуде», - деді Мұрат Жүребеков Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында. 

Сонымен бірге, спикер АЭС-ке қатысты мәселелер халықаралық сарапшылармен бірге талқыланатынын атап өтті. Оның айтуынша, бір жыл ішінде ведомство мәселені одан әрі іске асыру бойынша өз пайымын ұсынады.