10 нау, 2022 сағат 11:00

Вице-министр қар аз түскен өңірлерге ылғал жабу жұмыстары туралы айтты


ҚР Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаров қар аз түскен өңірлерге ылғал жабу жұмыстарын ширатуды ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Агроөнеркәсіп кешенін мемлекеттік қолдаудың жаңа тәсілдерімен, оның ішінде цифрлық технологияларды пайдалана отырып, ауыспалы егісті сақтауға қатаң тәсілдеме көзделгенін атап өткім келеді. Мысалы, майлы дақылдар жоғары рентабельді және дәнді дақылдарға қарағанда сұранысқа ие. Бұған баса назар аудару керек. 

Жалпы, жұмысқа дайындық кезінде ауа-райы құбылыстарын ескеру қажет. Осылайша, республикадағы егіншіліктің маңызды міндеттерінің бірі топырақта ылғал жинау және оны ұтымды пайдалану жөніндегі іс-шараларды жүргізуге бағытталған», - деді вице-министр Үкімет отырысында.

Айдарбек Сапаров «Қазгидромет» РМК деректері бойынша республика аумағының басым бөлігінде жауын-шашын біркелкі түспегенін атап өтті.

«Жауын-шашынның нормадан жоғары мөлшері батыста, оңтүстік-батыста, солтүстікте, орталық пен шығыстың таулы аудандарында өтті. Қалған аумақта жауын-шашын нормадан аз болды. Қар жамылғысының болмауы оңтүстікте, оңтүстік батыста, оңтүстік шығыс жазығында байқалды. 

Қалыптасқан ауа райы жағдайларын ескере отырып, министрлік қар тоқтату бойынша агротехникалық жұмыстарды жүргізу қажеттілігін бірнеше рет атап өтті. Қазіргі уақытта өңірлер осындай жұмыс жүргізуде, шамамен 3,1 млн га алаңда қар тоқтату екі ізбен жүргізілді. Бұл 2021 жылдың тиісті кезеңінің деңгейінен 2,5 есе артық», - деді министрлік өкілі.

Оның айтуынша, көктемде барлық жерде ылғал жабу жұмыстарын жүргізу қажет.