ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев Ақмола облысына жұмыс сапары барысында Зеренді ауданындағы Викторовка ауылының тұрғындарымен кездесті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Вице-премьер алдымен Викторовка ауыл мектебінде болды. Мектеп директоры Жәмила Қасенованың айтуынша, бүгінде білім ошағында 204 оқушы тәлім-тәрбие алуда. Оның ішінде Бөгенбай би ауылында тұратын 13 оқушы күнделікті шағын автобуспен тасымалданады. Көп балалы және тұрмысы төмен отбасындағы 59 бала тегін ыстық тамақпен қамтылған.
Ал, мәдениет үйін аралап, тұрғындармен кездескен вице-премьер ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауының басты бағыттарын түсіндірді.
Атап айтқанда, вице-премьер келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап еңгізілетін көпбалалы және мұқтаж отбасыларға арналған көмектің жаңа әдісі тұралы айтты.
Ауыл тұрғындары зейнеткерлік және тұрғын үймен қамтамасыз ету, мұқтаж отбасыларға әлеуметтік көмек көрсету, жұмысқа орналастыру, мемлекеттік қолдау шараларын көрсету және басқа да мәселелерді шешуге қатысты көкейдегі сауалдарын қойып, жауап алды.
Кездесуде 1247 адам тіршілік кешіп жатқан Викторовка ауылының тұрғындары көтерген басты мәселе, бір орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз ету болды.
«Бүгінгі күні ауылдағы басты мәселе – ауыз су. Бұл туралы айтылғаны неше жыл. Әлі шешілетін емес. Жергілікті шаруашылық суды тұрғындарға тасымалдап жеткізіп береді. Бірақ, ол бүкіл ауылды сумен қамтамасыз ету жеткіліксіз. Осы мәселенің шешілуіне атсалыссаңыз», - деді ауыл тұрғыны Любовь Берюкова.
Осы ретте, вице-премьер тұрғындардың сауалын тыңдай келе, бұл мәселенің алдағы уақытта шешілетінін айтты.
«Ауыз су мәселесі бізге белгілі. Су құбырын тарту үшін тиісті құжаттарды дайындау қажет. Оның құны шамамен 300 миллион теңге шамасында. Оны Үкімет пен облыс әкімдігі бірлесіп шешетін болады», - деп жауап берді Б. Сапарбаев тұрғындардың сауалына орай.