19 там, 2019 сағат 16:32

Видеоға түсіріп, бопсалаған: Шымкентте оқушы қызды сыныптастары зорлап тастады

Шымкенттің мамандандырылған қылмыстық соты 17 жастағы екі бозбалаға қатысты істі қарауды аяқтады, деп хабарлайды Sputnik агенттігі.

Белгілі болғандай, екі оқушы сыныптас қызды қорқытып, зорлап, болған жайтты видеоға түсіріп алған. Біраз күн өткен соң зорлықшылар бойжеткенді бопсалап, ауызбастырық үшін ақша, компьютер және ұялы телефон талап етеді.

Қыз телефонын бергенімен, сыныптастарының басқа талабын орындай алмайды. Екі дос видеоны интернетте жариялаймыз деп қорқыта бастаған. Не істерін білмей, қатты қиналған бойжеткен үйінде тамырын кесіп, өз-өзіне қол салмақ болыпты. Абырой болғанда, сол сәтте қыздың анасы үйге оралған. Жәбірленушіге медициналық көмек көрсетіліп, анасы полицияға арыз жазады.

Сотталушылар кінәсін мойындамай қойса да, сот оларды айыпты деп таныды. Кәмелеттік жасқа толмағандықтан, әрқайсысы бес жыл жаза мерзіміне кесілген. Үкім заңды күшіне әлі енген жоқ.