23 ақп, 2022 сағат 11:02

"Видео монтаждалған". Балабақшадағы жалаңаш баланың оқиғасы жалғасын тапты


Павлодардағы жекеменшік балабақшада шыққан дау тағы жалғасты. Салқын бөлмеге шешіндіріп, жалаңаш тастап кеткен баланың оқиғасына қатысты тың деректер пайда болды. Мектепке дейінгі мекемені басқаратын компания басшысы көпшілікті алаңдатқан видео монтаждалғанын айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

"Желіде жарияланған видео үзінді ғана. Өткен жұмада полиция оқиға қалай болғанын анық көруге болатын толық видеоны алды. Тәрбиеші орындықтағы балалар киімін алып, шешінетін бөлмеге кіреді. Ол баланы киіндірмек болған, бірақ сәби киінгісі келмеген. Бұл туралы тәрбиеші баланың анасына WhatsApp арқылы хабарлаған. Бірнеше минуттан кейін кішкентай қыз тынышталып, тәрбиеші оны киіндіріп қойған. Бірақ жарты сағат бұрын қызына келетінін жазған анасын күту үшін тәрбиеші сонда күткен", - дейді басқарушы компанияның басшысы Али Вакулик.

Оның айтуынша, жұртшылықтың наразылығын тудырған видео бірнеше кадрдан қосылған.

"Бұл әдейі қосылған видео. Баланы киім ауыстыратын бөлмеге кіргізген кезде басқа видео қосылған, есік өзгереді. Алдыңғы кадрда есік жабылғанын көреміз. Түпнұсқада есік ашық қалады. Олар есік бала кіргеннен кейін жабылғандай етіп көрсеткен. Ондай болған жоқ. Қызды ешкім мазақ еткен жоқ, оған қатыгездік көрсетпеген. Киінетін бөлме жылы, онда барлық бала киім ауыстырады", - деді Вакулик. 

Балабақша басшылығы алғашында заңбұзушылықты неге мойындады деген сұраққа кәсіпкер балабақша меңгерушісінің міндетін атқарушы Павлодар білім бөлімінің нұсқауын орындағанын айтты. Өзі сол кезде шетелде іссапарда болып, жағдайды зерттей алмаған.

"Журналистер келген кезде ол не істерін білмей қалған. Білім бөлімінде оған нұсқау берілген: "Бәрін мойындаңыз, шара қолдандық, тәрбиешіні жұмыстан шығардық". Олар шу шығарғысы келмеген шығар. Яғни, жазбаны зерттемей-ақ, нұсқау берген. Біз жұмыстан шығарылған тәрбиеші мен күтушіден кешірім сұрап, жұмысқа қайта оралуды ұсындық. Жағдайды анықтамай адамдарды жұмыстан шығарған балабақша меңгерушісінің міндетін атқарушыға қатаң сөгіс жарияланды", - деді Вакулик.

Ал, Білім басқармасы мектепке дейінгі мекеме басшылығына ешқандай нұсқау берілмегенін мәлімдеді.

"Балабақшаға бардық, қандай шара қолданылғанын сұрадық. Бірақ ешқандай нұсқау бермедік. Камерадан түсірілген бейнежазбаны өзіміз де көрмедік, бірден прокуратураға жібердік. Қазір құқық қорғау органдары айналысып жатыр", - деді Павлодардың білім бөлімі өкілдері.

Балабақша мәліметінше, жұмыстан шығарылған тәрбиеші мен күтуші сенімсіз видеоны тарату фактісі бойынша полицияға арыз беріп үлгерген.

Бұған дейін Желіде Павлодар балабақшасында тәрбиеші баланы жалаңаштап, салқын бөлмеге 40 минутқа қамап қойғаны көрсетілген видео тараған еді.