28 сәу, 2022 сағат 14:12

Венгрия ресейлік газды рубльмен сатып алуға келісті


Венгрия билігі Ресейдің газ бен мұнайды рубльмен сату жүйесін қабылдады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz агенттігі NU сайтына сілтеме жасап.

Бұл туралы республиканың сыртқы істер министрі Петер Сийярто мәлімдеді. Оның айтуынша, Венгрияда "басқа таңдау жоқ", өйткені ел газдың 85 пайызын және мұнайдың 65 пайызын Ресейден алады.

"Газдың 85 пайызы, мұнайдың 65 пайызы Ресейден келеді. Неге? Өйткені оны инфрақұрылым анықтайды. Мұндай жағдайды біз таңдаған жоқпыз, бұл көңіл көтеру үшін емес", - деді ол CNN телеарнасына берген сұхбатында.

Сийярто Венгрияда алдағы бірнеше жылда ресейлік энергия ресурстарын импорттауды тоқтатуға мүмкіндік беретін балама көздер жоқ екенін атап өтті. Оның айтуынша, ел билігі ресейлік газдың ақысын төлеу үшін "Газпромбанкте" еуроны рубльге айырбастап жатыр.

Венгрия сыртқы істер министрі Болгария арқылы транзитпен елге газ жеткізу қалыпты режимде жалғасып жатқанын атап өтті.

Бұған дейін Ресей президенті Владимир Путин Еуропа елдері мен АҚШ-қа көгілдір отынды Ресей рублімен сату туралы шешімін жариялаған болатын. Путин Ресей табиғи газды бұрын жасалған келісімшартта бекітілген көлем мен баға белгілеу қағидаттарына сәйкес жеткізетінін атап өтті.