03 сәу, 2022 сағат 15:05

"Венецияға қош келдіңдер!". БҚО тұрғындары су басқан үйлерді көрсетті

коллаж: Tengrinews.kz

Батыс Қазақстан облысы Жақсыбай ауылының тұрғындары су басқан үйлерінің видеосын жіберді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Видеолардың бірінде су басқан бөлмеде төсек үсінде кейуана отыр. Ролик авторы бүкіл үйге су кіргенін көрсетеді.

Тағы бір видеоны ауыл тұрғындары төбеден түсірген. "Венецияға қош келдіңдер!" дейді автор. 

БҚО төтенше жағдайлар департаменті қардың еруінен Жәнібек-Таловка автожолы арқылы су жүргенін хабарлады.

"2 сәуірде кешке Жәнібек ауданының солтүстік бөлігінде Ресеймен шекаралас дала аймағынан еріген судың келуінен Таловка және Жақсыбай ауылдарының тұрғын үйлерін су басу қаупі туындағаны туралы хабарлама түсті. Оқиға орнына құтқарушылар шықты. Жәнібек ауылынан Таловкаға дейінгі қашықтық - 128 шақырым, оның 90 шақырымында жол жоқ", - деді ТЖД өкілдері.

Кейінірек құтқарушылар Жақсыбай ауылында 62 тұрғын үйді су басқанын, 637 адам эвакуацияланғанын, оның ішінде 305 бала бар екенін хабарлады. Олар елді мекеннің балабақшасына уақытша орналастырылды.

ТЖД өкілдері үйлер тоналмас үшін патрульдер қызмет етіп жатқанын айтты. БҚО құтқарушыларына көмекке Маңғыстау облысынан ТЖД-нің 43 қызметкері келді.

Жағдайға БҚО әкімі Ғали Есқалиев те түсінік берді.

"Жақын арада су далаға кетіп, автомобиль жолдарын қалпына келтіруге мүмкіндік туады деп үміттенеміз", - деді аймақ басшысы.

Еске салайық, Батыс Қазақстан облысында үш ауданда ТЖ режимі жарияланды. Еріген қар суы тұрғын үйлер мен автомобиль жолдарын басып жатыр. Құтқарушылар күшейтілген режимде жұмыс істеп жүр. ТЖМ мәліметінше, су тасқыны кезеңі басталғаннан бері Қазақстанның бес елді мекенінде 80 тұрғын үй мен екі әлеуметтік нысан су астында қалды.