ҚР Ұлтық банкінің төрағасы Ғалымжан Пірматов банк жүйесіндегі депозиттер көрсеткішін баяндады. Ақпан айында депозиттер 38%-ға дейін долларланған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Банк жүйесіндегі депозиттер жыл басынан бері 27,7 трлн теңгеге дейін 2,3%-ға ұлғайды, оның ішінде заңды тұлғалардың салымдары – 14,1 трлн теңгеге дейін 2,1%-ға, жеке тұлғалардікі 13,6 трлн теңгеге дейін 2,5%-ға артты», - деді Ғалымжан Пірматов Үкімет отырысында.
Оның айтуынша, валюталық салымдар 10,6 трлн теңгеге дейін 8,9%-ға өсті, ал ұлттық валютадағы депозиттер 17,1 трлн теңгеге дейін 1,5%-ға төмендеді. Нәтижесінде, депозиттердің долларлануы ақпан айында 38,4% болған.
«Ресей банктеріне және олардың Қазақстандағы еншілес ұйымдарына санкциялардың күшеюі аталған банктердің жұмысына, атап айтқанда доллардағы, еуродағы аударымдар мен карталық операцияларға әсер етті. Visa және Mastercard халықаралық төлем жүйелері олардың карталары бойынша операцияларға шектеу қойды. Ұлттық банк банктердің өз клиенттеріне қызмет көрсетуі үшін жағдай жасауда. Ресей банктерінің еншілес банктері шектеусіз түрде қолма-қол теңгемен қамтамасыз етілуде.
Аталған банктерге енгізілген санкциялар мен шектеулер қазақстандық банктердің қызметіне байланысты емес және оларға ықпал етпейді. Ұлттық банк жағдайдың дамуы мен олардың нарықтарға ықпалын үнемі қадағалап, санкциялардың Қазақстанның қаржы жүйесіне әсер ету дәрежесін бағалап отырады, сондай-ақ қаржы және баға тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін шара қабылдауды жалғастырады», - деді Ғалымжан Пірматов.