06 жел, 2023 сағат 12:19

Ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшесі Сербиядан экстрадицияланды


Ұйымдасқан қылмыстық топтың тағы бір мүшесі Сербиядан экстрадицияланды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Бас прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы елімізден тыс жерлерге қашып кеткен заңбұзушыларды экстрадициялау бойынша жұмыстарды жалғастырып жатыр.

Биыл 18 қарашада «OLIMP KZ» букмекерлік кеңсеcінің қызметімен байланысты қылмыстық топтың құрамында болған күдікті Германиядан Қазақстанға экстрадицияланған болатын.

Бүгін Бас прокуратура, Қаржылық мониторинг агенттігі және ІІМ-нің Интерпол қызметкерлері Сыртқы істер министрлігінің көмегімен оның сыбайласын Сербия Республикасынан экстрадициялады" - делінген хабарламада.

Олар 2014-2019 жылдары қылмыстық топтың құрамында заңсыз құмар ойындарын өткізуге, салықты және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді төлеуден жалтаруға, сондай-ақ қылмыстық жолмен алынған ақша мен мүлікті заңдастыруға қатысы бар деген күдікке ілінген.

Аталған заңсыз әрекеттердің салдарынан мемлекетке 86 миллиард теңгеден астам шығын келтірілген.

Осыған байланысты күдіктілерге қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталып, кейін олар халықаралық іздеуге жарияланған.

Бұл ретте, қылмыстарды жасағаны үшін мүлкін тәркілеумен 3 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

"Қазіргі уақытта күдікті Астана қаласының тергеу изоляторына қамалды.

Айта кетейік, фигурантты экстрадициялау Қазақстан мен Сербия арасындағы «Ұстап беру туралы» шарттың болуына байланысты мүмкін болды" - делінген хабарламада.