Бүгін таңертең үйіне ұшақ құлап кеткен Ришат Қалибек есімді азамат өтемақы төленбеуі мүмкін деп қауіптенеді. Ол бұл туралы Azattyq Rýhy тілшісіне айтып берді.
Ришат Қалибек Алматы облысы Талғар ауданына қарасты жер телімін 2014 жылы сатып алған. Аумағы 6 соттық жерге үй салуды осыдан 5 жыл бұрын бастаған. Биыл кіруді жоспарлағанымен, коммуникация тартылмағандықтан әлі көшіп бармаған.
«Үй біткен болатын, ішкі әрлеу жұмыстары да аяқталған. Ішіне жиһазды да кіргізіп қойғаныбыз. Бірақ тоқ, су жоқ. Биыл ақша жетпей, содан Шелек ауылындағы туыстарыммен тұрып жатырмын», - дейді ұшақ апатынан бүлінген үйдің иесі.
Үй иесін Талғар ауданының әкімдігі дүйсенбі кездесуге шақырған. Сол жерде өтемақы туралы сөйлеспек. Бірақ жер теліміне меншік құқығы бар азамат үйге тиісті құжаттарды рәсімдеп үлгермепті. Сондықтан өтемақы жағы қалай болады деп алаңдайды. Ол үйдің жарамсыз болып қалғанын айтады.
«Отбасымда бір балам және әйелім бар. Үшеуміз ғана емес, жақында Қытайдан інім келген. Сол жақтан көшіп келген қазақтармыз. Енді ол жақтан әке-шешем де келеді деп күтіп жүрміз. Бәріміз тұру үшін кең етіп салдық. Үйдің көлемі 180 шаршы метр болатын», - дейді Ришат Қалибек.
Ал бүгін Президент Қ.Тоқаев Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігіне қозғалған қылмыстық іс аясында ұшақ апатына соқтырған себептерді анықтау, кінәлілерді заңға сәйкес жауапкершілікке тарту, сондай-ақ, Алматы әуежайының аумағына жақын орналасқан жеке құрылыстардың заңдылығын зерттеу жөнінде шара қабылдауды тапсырды.