11 жел, 2019 сағат 13:43

Үй қисаймаған: Алматыдағы 9 қабатты үйдің ахуалы жайлы әкімдік жауабы

Алматы әкімдігі Зерделі шағынауданындағы 9 қабатты №1/179 үйдің ахуалын тексерген комиссияның қорытындысын шығарды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Қалалық ТЖД кезекші бөліміне бүгін тұрғындар хабарласып үйдің қисайып бара жатқанын айтып дабыл қаққан еді.

Олардың шағымын тексеру үшін әкімдік шұғыл жұмыс комиссиясын жинаған болатын.

«Желтоқсанның 10-нан 11-іне қараған түні қалалық Ыңғайлы орта басқармасының мамандары оқиға орнына шыққан болатын. Визуалды тексеру барысында қатты ауытқу байқалмаған. Бүгін «Алматыбасжоспары» Ғылыми зерттеу институтының мамандары мұның алдында қойылған белгілерді тексеріп шықты. Нәтижесінде ешбір ауытқу байқалмады», – деді басқармадан.

Зерделі ауданындағы 9-қабатты үй осыдан бірнеше жыл бұрын іргесі сөгіліп, бір қырына қисайып қалған болатын. Сол кезде құзырлы органдардан шұғыл штаб құрылып, үйдің іргесі бекітіліп, күшейтілген еді.

Содан бері арнайы құрылған жұмыс тобы бұл нысанды үнемі бақылауда ұстап келеді.

Жұмыс тобы қойылған белгілерді ай сайын тексеріп отырады. Соңғы рет белгі 12 қарашада қойылған.

«Қазақ Құрылыс және сәулет ғылыми зерттеу және жобалау институты» акционерлік қоғамы мамандары үйдің айналасындағы топырақты зерттеген соң іргетасы күшейтілетін болады.