19 нау, 2021 сағат 13:30

Үй ауласындағы дүкендерге тауардың ілеспе жүкқұжатын ресімдеу міндетті емес

Қазақстан аумағында сатылған тауарларға ілеспе жүкқұжат ресімдеудің пилоттық жобасы қолға алынғаннан бері үй ауласындағы дүкен иелері Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетіне көптеген сауалдар жолдаған көрінеді.

Комитеттің баспасөз қызметі осыған байланысты түсіндірме ақпарат таратты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат". 

«Үйдің жанындағы дүкендерге, тауарларға ілеспе жүкқұжаттарын ресімдеу қажет емес. Соңғы уақытта үй маңынан ашылған дүкен иелері арасында алаңдаушылық туындап тауарларға ілеспе жүкқұжат ресімдеу қажеттілігі туралы сұрақтар жиі қойылуда. Егер бақылау кассалық машиналарының түрбіртегін бере отырып, онлайн бақылау-касса машиналары қолданылатын болса, тауарларға ілеспе жүкқұжат рәсімдеу міндетті емес», - деп жазады комитеттің ресми сайты.

Комитет өкілдерінің айтуынша, акцизделетін тауарларды сату кезінде ақпараттық жүйеде олардың алынғанын растау қажет. Бұрын бұл операция салық есебін өңдеу жүйесіндегі салық төлеушінің кабинетінде жүргізілген. Ал қазір электронды шот-фактура ақпараттық жүйесінде жасау қажет.