«Əлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ басқарма төрағасы Айбатыр Жұмағұлов үстемеақы мен сыйақы алатын медицина мамандарының тізімі қалай жасалатынын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Үстемеақының республикалық бюджет қаражаты есебінен алынатынын айтқым келеді. Қызметкерлерге сыйақы беру шешімін Денсаулық сақтау министрлігі мен жедел штаб жанынан құрылған өңірлік комиссиялар қабылдайды. Ал қор комиссия берген тізім бойынша қаражат бөледі», - деді Айбатыр Жұмағұлов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Оның айтуынша, комиссия құрамына облыс басшылығы, денсаулық сақтау басқармасы және қор филиалының өкілдері кіреді.
«Шешім қабылдауда комиссия өңірдегі эпидемиологиялық жағдайды, эпидемияға қарсы шаралар сипатын ескереді. Медициналық ұйым басшысы инфекция жұқтыру қаупін растайтын негіздемелер бойынша, мамандардың лауазымы мен жұмыс істеген сағаты бар тізім ұсынады. Комиссия оларды қауіп-қатер топтарына бөледі», - деп атап өтті спикер.
Сонымен бірге, комиссия сыйақы беру үшін коронавирус инфекциясын жұқтыру қаупі бар тұлғалардың қосымша тізімін ұсына алады.
«Яғни, штаб жанындағы комиссия қауіп тобына кірмейтін мамандарға сыйақы тағайындай алады. Бірақ, бұл жағдайда қаражат медициналық ұйымнан, жергілікті бюджеттен немесе демеушілік көмектен алынады. Қор медициналық ұйымдардың уақытында төлем жасауы үшін аванс түрінде болжанған соманы жібереді. Кейін төленген үстемеақылар туралы ақпаратты коммисия қорға жіберіп отырады», - деді қор басшысы.