Фото: ашық дереккөз
Успен аудандық соты «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» мемлекеттік бағдарламасы аясында бөлінген бюджет қаражатын ұрлау дерегі бойынша қылмыстық істі қарады, деп хабарлайды Ult.kz.
Қылмыстық істі тергеу аудан прокуратурасының бастамасымен жүргізіліп, Павлодар облысы бойынша «Еңбек мобильдігі орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің қызметіне тексеріс жүргізілген. Тергеу нәтижесінде Успен ауданы карьерлік орталығы филиалының мамандары қоныс аударушыларды алдап, бюджет қаржысын заңсыз иемденгені белгілі болды.
Бағдарламаға сәйкес, қоныс аударушыларға тұрғын үй сатып алу құнының 50 пайызы көлемінде төлем қарастырылған. Бұл ретте ең жоғары төлем мөлшері 4 миллион теңгемен шектелген. Алайда айыпталушылар жалған нұсқаулар беріп, пәтерді төмен бағаға табуды талап еткен. Ал нақты сатып алу-сату шарттарында үйдің құны екі есе қымбат — 8 миллион теңге деп көрсетілген. Қоныс аударушылар қалған соманы «бағдарлама шарты аясында» деп көрсетіп, айыпталушыларға қолма-қол берген.
Нәтижесінде алаяқтық жолмен мемлекет қаржысын заңсыз иемдену схемасы құрылып, мемлекетке 144 миллион теңге көлемінде залал келтірілген.
Қылмыстың ауырлығы мен мемлекетке келтірілген шығынды ескере отырып, мемлекеттік айыптау соттан айыпталушыларға бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындауды сұрады. Сот екі тұлғаны кінәлі деп танып, бірін 5 жылға бас бостандығынан айырды, екіншісіне 3 жыл шектеу жазасын белгіледі.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
