Фото: baigenews.kz
Еуропалық Одақтың санкциялар жөніндегі арнайы өкілі Дэвид О'Салливан Қазақстанның Ресей-Украина жағдайына байланысты жанама санкцияға ілігу ықтималдығы туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Біз үшінші елдерге санкция салмаймыз. Шетін жағдайларда белгілі бір компанияларға олардың санкцияны айналып өтуге көмектескені дәлелденсе, санкция салуымыз мүмкін. Қазіргі таңда қолымызда жеткілікті егей-тегжейлі мәлімет жоқ. Ондай ақпарат болғанда қандай да бір компания санкцияны айналып өтуге шынымен де көмектесіп жүр ме, соны анықтай алар едік. Қазір біз қолымызда бар материалдардың бәрін тексеріп жатырмыз. Қазіргі ең негізгі мақсатымыз – нақты, сенімді ақпарат алу. Бұл бағытта Қазақстан билігімен бірге жұмыс істеп жатырмыз», - деді ол Еуропалық Одақтың Астанадағы өкілдігінің кеңсесінде өткен баспасөз конференциясында.
Сондай-ақ, ол қазіргі геосаяси жағдайдағы әр елдің әрекеті ертеңгі репутациясын анықтайтынын айтты.
«Еуропа елдеріне қосылмаған, бірақ G-7 елдерімен әріптестікті жалғастырғысы келетін елдерге келсек, бұл – репутация мәселесі. Егер қандай да бір елдің санкцияларды айналып өтуге тұғыр болып отырғаны дәлелденсе, бұл өзге компаниялар үшін салқын қатынас әсерін туындатуы мүмкін. Компаниялар мұндай елдің компанияларымен істес болуға аса құлықты болмайды. Өйткені, өздері санкцияға түсіп қалуы мүмкін және ол туралы жақсы біледі», - деді арнайы өкіл.