14 шіл, 2022 сағат 14:40

Үшарал мен Үржар әуежайларын жөндеу жылдамырақ аяқталуы тиіс - министрлік


Үшарал және Үржар әуежайларының жасанды ұшу-қону жолақтарын реконструкциялау жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл шаралар Алакөл көлінің жағалауын әуе көлігімен қамтамасыз ету мақсатында қолға алынған, - деп хабарлайды Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі.

Атап айтқанда, ұшу-қону жолақтары мен перронды қайта жаңарту, жарық-сигналдық жабдық пен периметрлік қоршауды орнату көзделген. Жалпы әуежайлардағы қайта жөндеу жұмыстары қауіпсіздік пен сапа стандарттарының деңгейін арттыруға бағытталған.

"Жөндеу жұмыстарын Жетісу және Абай облыстарының әкімдіктері жүргізуде. Естеріңізге сала кетейік, жергілікті атқарушы органдар қайта жөндеу бойынша жұмыстарды жазғы демалыс маусымның басталуына дейін аяқтауды жоспарлаған болатын. Алайда мердігерлік ұйымдар тарапынан жұмыстың уақытылы орындалмауына байланысты нысан көрсетілген мерзімде тапсырылмаған. Осы ретте ҚР ИИДМ басшысы Қайырбек Өскенбаев Үшарал және Үржар әуежайларында жүріп жатқан құрылыс-монтаждау жұмыстарын жылдамырақ аяқтауды тапсырды" - делінген хабарламада.

Үшарал және Үржар әуежайларына субсидияланатын рейстерді ұйымдастыру мәселесіне келетін болсақ, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі тарапынан аталған рәсімдер алдын ала жүргізілген. Яғни тиісті қаражат бөлініп, рейстерді жүзеге асыратын авиакомпаниялар анықталды.

Осылайша, өткізілген конкурс қорытындысы бойынша «SCAT» авиакомпаниясы Үшарал – Алматы және Үшарал – Нұр-Сұлтан бағыттарында тасымалдаушы болып танылды. Рейстер әуе кемелерінде жазғы маусымда әр бағыт бойынша аптасына 14 рейс жиілігімен, қалған уақытта 7 рейс орындалатын болады. Билеттің құны тиісінше 15 мың теңге және 16 мың теңгені құрайды.

Сондай-ақ, Үшарал-Талдықорған бағыты бойынша «Жетісу» авиакомпаниясы жазғы маусымда 28 рейс жиілігімен, қалған кезеңде 14 рейс орындайтын болады. Рейс «L-410» ұшақтарында жүзеге асырылады, билет құны – 8 мың теңге.

"Үржар – Алматы және Үржар – Нұр-Сұлтан бағытында жарияланған конкурс қорытындысы бойынша тасымалдаушы болып «Южное небо» авиакомпаниясы танылды. Рейстер «Ан-24» әуе кемелерінде жазғы маусымда әр бағыт бойынша аптасына 10 рейс жиілігімен, қалған уақытта 5 рейс орындалатын болады. Билет құны сәйкесінше 14-16 мың теңге" - делінген хабарламада.

Жергілікті атқарушы органдардың ақпаратына сәйкес, Үшарал әуежайын қайта жаңарту жұмыстары 20 шілдеде, ал Үржар әуежайындағы жұмыстар тамыз айының басында мәресіне жетеді деп жоспарланған.

Айта кетерлігі, ведомство басшысы Қайырбек Өскенбаевтың тапсырмасы бойынша Үшарал және Үржар әуежайларында қайта жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан кезде Алакөл көлінің жағалауына көліктің басқа түрлеріне деген қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін жолаушылар тасымалдайтын пойыздардың саны артқан.

Алматы – Алакөл:

 №221/222 «Алматы-2 – Достық», аптасына 3 рет;

 №255/256 «Алматы-2 – Достық», аптасына 3 рет;

 №211/212 «Алматы-2 – Достық», аптасына 2 рет;

 №453/454 «Алматы-2 – Достық», жазда аптасына 3 рет;

 №22/21 «Қызылорда – Семей» поезында 8 тіркемелі вагон, жаз мезгілінде, күн сайын.

 Нұр-Сұлтан – Алакөл:

 №258/257 «Нұрұлтан – Достық», жаз маусымында, аптасына 2 рет;

– № 54/53 «Нұрұлтан – Достық», аптасына 2 рет; 

– № 121/122 «Нұр-Сұлтан – Семей» поезында 6 тіркемелі вагон, жаз маусымында күн сайын.

 Нұр-Сұлтан – Семей:

 457/458 «Семей – Достық», жаз мезгілінде, күн сайын;

- 459/460 «Өскемен – Достық», жаз мезгілінде, күн сайын.