23 сәу, 2022 сағат 10:40

"Ұшақтың есігін ашпасаңдар, өртеп жібереміз деді" - ұшқыш қаңтар оқиғалары туралы


Қаңтар оқиғасы кезінде әуежайдағы ұшақтың бірінде қалып қойған ұшқыш сол күні бастан кешкен оқиға туралы алғаш рет сұхбат берді. Алмас Байғожиннің айтуынша, ішке ентелегендер қазақ, орыс, тіпті ағылшын тілінде сөйлеген, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап. 

Бесінші қаңтар. Алматы әуежайы. Бірнеше сағаттан соң ұшаққа шабуыл болады деген ой ол сәтте Алмас Байғожиннің қаперіне келмеген. Терминалды тонап, тұрақтағы көліктерді айдап, одан соң өзіне бет алған топты көргенде іштен есікті тарс жауып, тым-тырыс қатқан да қалған.

"Жиналған топтың бірі ұшаққа келіп айналасын қарайлады. Бірақ ешнәрсе істемеді. 78 жігіт болатын. Араға жарты сағат салып, бір кезде 15 шақты адам келді. Қолында темір, балта, тағы да басқа заттар болды. Есікті бұзып кіргісі келді. Бір қызығы, олар есіктің сырттан қалай ашылатынын білгендей әрекет етті. Өйткені құрылымы күрделі болғандықтан, оны қалай ашу керегін екінің бірі білмейді", - дейді ұшқыш Алмас Байғожи.

Телеарна тілшісінің сөзінше, сырттан ұрғылаудан ештеңе өнбеген. Терезеге жарықшақ қалдырыпты. Іштегі есікке экипаждың жармасқан сәті фотоға түскен. Күлімдеп тұрған жігіттер жағдайдың ширығып тұрғанын ол сәтте сезбеген еді. Тысқа шығыңдар деп айқайлағандардың үш тілде сөйлегенін айтады.

"Ұшақтың есігін ашпасаңдар, өртеп жібереміз" деп орыс және қазақ тілінде қорқытты. Ал ағылшынша "есікті ашсаңдар, сендерге ештеңе болмайды, уайымдамаңдар" деп сендіргісі келді. Не істерімізді білмедік. Алдын ала ұшақты өшіргенбіз. Сондықтан олар біздің мұнда отырғанымызды білмеген де болуы мүмкін", - дейді ұшқыш Алмас Байғожин.

Ұшаққа ақыры кіре алмай меселі қайтқандар бір-бірлеп тараған. Экипаж бес сағат тым-тырыс ұшақта тығылып, тек таңда кеңселеріне барып, ары үйіне қайтқан. Алмас Байғожин сол кезде бастан кешкен әсерінен енді айығып, өз оқиғасын айтам деп шешіпті.