Алматыда ұшақ апатынан зардап шеккендердің денсаулығына байланысты жағдайды қалалық Қоғамдық денсаулықты сақтау басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның айтуынша, барлығы 66 адам қалалық және облыстық ауруханаға жеткізілген.
«Алматыда жедел жәрдем бригадалары 66 адамды жеткізген. Оның ішінде 50 адам ауруханаларға жатқызылды. №4 клиникалық ауруханаға - 19 адам, қалалық шұғыл медициналық көмек көрсету ауруханасына - 13 адам, орталық қалалық ауруханаға - 3 науқас жеткізілді. Ал Балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығына 9 бала жеткізілді. Алматы облыстық көп профильді клиникалық ауруханасына 6 науқас жатқызылды», - деді Тілеухан Әбілдаев.
Басқарма басшысы барлық науқастардың еміне қажетті дәрі дәрмек жеткілікті екенін айтты.
«Қазір науқастар қажетті дәрі дәрмекпен қамтылып отыр. Бәрі жеткілікті. Астанадан керекті мамандарды жұмылдыруға Республикалық санавиация қызметі даяр. Нейрохирург, басқа да мамандарды шақыратын боламыз», - деді басқарма басшысы.
«Балалардың барлығы есін біледі. Кейбіреулеріне шұғыл ота жасау керек. Сүйектері сынған. Қалалық шұғыл медициналық көмек көрсету ауруханасына, қалалық орталық ауруханаға жеткізілген науқастар жеңіл және орта дәрежелі жарақат алған», - деді ол.