Ұшақ апатынан жарақат алған әйел алдағы бір-екі күнде жансақтау бөлімінен палатаға ауыстырылады. Бұл туралы Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы бастығының міндетін атқарушы Тілеухан Әбілдаев айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Әуе апатынан зардап шеккендердің ішінде жансақтау бөлімінде бір адам жатыр. Ол - Нұр-Сұлтан қаласындағы травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институтында.
«Жансақтау бөлімінде жатқан әйелдің жағдайы тұрақты. Ол біздің әріптесіміз, дәрігер. Оның иық сүйегі бірнеше жерден сынған. Сондықтан оған екі рет операция жасалды. Қазір оның жағдайы алаңдаушылық туғызбайды», - деді Тілеухан Әбілдаев.
Еске сала кетейік, 2019 жылдың 27 желтоқсанында Алматыдан Нұр-Сұлтан қаласына ұшып шыққан 93 жолаушы және 5 экипаж мүшесі мінген ұшақ апатқа ұшыраған болатын. 12 адам қаза тапты.