Ана тілін білмеушілік немесе біле тұра менсінбеушілік қазақ ұлтын іштей қақ жарды. Қазақстандық неміс жазушысы Г.Бельгердің бұл туралы «Қазақтардың қазір тілге байланысты жіктелуі – өте-мөте өткір мәселе. Байшыкештерге ана тілінің көк тиынға қажеті жоқ. Олардың тілі – доллар. Тілді сақтаймын деушілер – түгелімен жалаңаяқ, жарлылар. Жаны күйген базбіреулер бар кінәні орыс тіліне үйіп-төккісі келеді. Бұл – түбірімен қате.
Қазақ тілінің басты жауы – ұлттық намыс пен рухтан жұрдай қазақтардың өзі» деп пікір білдіргені бар. Сондықтан да А.Байтұрсыновтың осыдан бір ғасыр бұрын шырылдап тұрып айтқан мына бір ойлары әрдайым есте болуы керек: «...әр халыққа керегі – өз діні, тілі, жазуы сақталу. Солай болған соң бастауыш мектеп, әуелі миссионерлік пікірден, политикадан алыс боларға керек, яғни қазақтың діні, тілі, жазуы сұмдық пікір, суық қолдан тыныш боларға керек... Әуелгі үш жылда балалар кілең қазақша оқу керек... Бастауыш мектепте кілең қазақ тілінде үйретілетін нәрселер: оқу, жазу, дін, ұлт тілі, ұлт тарихы, есеп, жағрапия, шаруа-кәсіп, жаратылыс жайы». «Әуелі біз елді түзеуді бала оқыту ісін түзеуден бастауымыз керек. Неге десек, болыстықта, билікте, халықтық та оқумен түзеледі. Қазақ ісіндегі неше түрлі кемшіліктің көбі түзелгенде оқумен түзеледі». Ұлт қамын, халық келешегін ойлаған әрбір азаматтың есінде жүрер, күні бүгінге дейін маңызын жоймаған, өміршең ойлар «мені ұмытпа, ұмытсаң, күнің қараң болар» дегендей шырылдап тұр.
Қостілділік, «үш тұғырлы тіл» дегеніміз – ұлтты іштей ірітіп, ұлтішілік жіктеулер туғызатын, сөйтіп, мұның аяғы ұлттық алауыздықтарға апарып, ұлтты құрдымға кетіретін, ұлт әлсіреген кездегі ұлттық тілдің жойыла бастауын байқататын жол, адамдардың екінші бір тілге ауысардағы, ұлтсызданардағы аралық сатысы.
Жаһанданудың басты міндеттерінің бірі – ана тілінен, сол себепті де ұлттық тамырынан ажырап қалған мәңгүрттерді, ұлтынан жеріген, өздерін ұлттан жоғары санайтын космополиттерді, ешқандай ұлтқа жатпайтын, жатса да оны білмейтін, бойында көптеген ұлттардың қаны, болмысы бар «жаңа адамды» тәрбиелеп шығару. Қазір батыстың бүкіл ақпарат құралдары, білім, тәрбие беру жүйелері осы мақсатқа жұмылдырылған.
Біздіңше, балаға шет тілін бала бақша түгіл, бастауыш сыныптарда да оқытуға болмайды. Өйткені А.Байтұрсынов ескерткендей, «Орысша оқығандар орыс сөзінің жүйесіне дағдыланып үйренген, ноғайша оқығандар ноғай сөзінің жүйесіне дағдыланып үйренген. Қазақ сөздерін алып, орыс я ноғай жүйесімен тізсе, әрине, ол нағыз қазақша болып шықпайды. Сондай кемшілік болмас үшін әр жұрт баласын әуелінде өз тілінде оқытып, өз тілінде жазу-сызу үйретіп, өз тілінің жүйесін білдіріп, жолын танытып, балалар әбден дағдыланғаннан кейін басқаша оқыта бастайды. Біз де тіліміз бұзылмай сақталуын тілесек, өзгелерше әуелі ана тілімізбен оқытып, сонан соң басқаша оқытуға тиіспіз».
Кеңестік кезеңдегі және одан кейінгі дәуірдегі тіл саясатын зерттеген В.М.Алпатовтың анықтауынша, адамның ойлау қабілеті сол ұлттың тілі арқылы ғана алғашқы мүшелде, яғни 13 жасқа дейін қалыптасады. Жас баланың бойындағы ген арқылы тұқым қуалап келе жатқан ойлау жүйесін сол негізде ана тілі арқылы ары қарай жалғастырса, ол баланың ойлау қабілеті тез жетіледі. Ал енді ойлау жүйесі әлі қалыптаса қоймаған жас балаға өзінің бойында бар ген арқылы келе жатқан ойлау жүйесіне сәйкес келмейтін тілді оқытса, ол баланың бұрыннан тұқымында келе жатқан ойлау жүйесі бұзылып, жаңа тілге негізделген жаңа ойлау жүйесі пайда бола бастайды. Сондықтан да А.Байтұрсыновтың «Бала ең алдымен өз ана тілінде ойлауы, сөйлеуі, білім алуы шарт», «әр бала өзінің ана тілінде 4-сыныпқа дейін оқуы керек, содан кейін барып басқа тілдерді оқуына болады» деп қадап тұрып айтып кеткенін барлық уақытта да естен шығармаған абзал.
Адамның қай тілде сөйлеуі немесе қандай музыка тыңдауы оның бүкіл физиологиялық, рухани жағынан дамуына тікелей әсер етіп, оның өмірдегі орнын анықтайды. Күнделікті тіршілікте айтылған әрбір сөз, тыңдаған әрбір әуен, сол сияқты не көрдік, не дедік, не ойладық – барлығы жиналып келіп адам организмінің генетикалық аппаратына тікелей әсер етіп, мұның өзі әрбір клетканың ұзақ уақыттар бойы қалыптасқан ұлттық табиғатының өзгеруіне, тұқымқуалаушылық қасиетінің басқа жаққа бұрылып кетуіне апарып соқтырады екен. Демек, сөз, дыбыс атаулының барлығы да электромагниттік толқын түрінде адамға жағымды (ұлттық, тұқымқуалаушылық), не жағымсыз (генде жоқ, басқа) тиіп, жағымды болса, тұқымқуалаушылық жалғасын табады да, олай болмаған жағдайда жат әсерлердің теріс әрекеттерінің салдарынан тұқымқуалаушылық қабілеті өзгеріп, не болмаса жойыла бастап, мұның өзі ДНК-ның басқаша сыпатқа ауысуына әкеліп соқтырады. Демек, сөз сол тілде қалыптасқан ойлау жүйесін, дүниетанымын қалыптастыру арқылы адамның генетикалық аппаратына әсер ете отырып, оны одан ары қарай дамытады, не болмаса өзгертіп, басқа мазмұндағы адамды жасап шығуға болады.
Сөз бен ойдың, сөйлеу мен ойлаудың, сол сияқты ойлаудың өз кезегінде адамның тәнімен, жанымен тығыз байланыстылығы адамның тіл мәдениетін жетілдіріп, тән сұлулығы, жан сұлулығы жарасқан, жан-жақты жетілген жарасымдылықты қамтамасыз етеді. Ғалымдар кей адамдардың дұрыс сөйлей алмауы, не болмаса кекештенуі сияқты кемшіліктерді оның ойлау жүйесіндегі, не болмаса психикасындағы ақаулармен, яғни денсаулығымен тікелей байланыстырады. Адамның қай тілде сөйлеуі, қай тілде ойлауы сияқты әдетте байқала бермейтін нәрселердің өзі ғасырлар бойы белгілі бір ұлтқа жатып, белгілі бір тілде сөйлеген адамдардың сыртқы бет әлпетінен бастап, бүкіл физиологиялық құрылымын қалыптастырып, денсаулығына, мінез-құлқына, жалпы адами болмысына әсер ететіндігін көпшілік қауым біле бермеуі мүмкін. Өз тілін жетік білмейтін, оның үстіне басқа да бірнеше тілдерде қатар сөйлейтін адамдардың ойлау жүйесінің бір бағытта жүрмей, үзіліп қала беретіндігі, соның салдарынан өз ойын дұрыстап жеткізе алмай, бірді айтып, бірге кетіп сөйлейтіндігі бүгінгі қазақ қоғамында үйреншікті жағдайға айналып отыр.
Ана тілін күнделікті қолдану адам денсаулығына өте-мөте пайдалы екенін және ана тілімізде сөйлеген адамның бет-жүзін әжім торламайтыны, сөйтіп, ерте қартаймайтынын ғалымдар айтып жүр. Қазақ тілінің өзге тілдерден ерекшелігі – дауысты дыбыспен басталған сөз – дауысты дыбыспен ғана, дауыссыз дыбыспен басталған сөз – дауыссыз дыбыспен ғана аяқталады. Ғалымдардың дәлелдеуі бойынша, сөздің бұлай айтылуы денсаулыққа аса пайдалы. Әсіресе, қазақша сөйлеу кезінде асқазан мен бүйрекке мүлде салмақ түспейді. Сондай-ақ қазақша сөйлегенде ауыздың тек астыңғы жағы ғана қимылдап қозғалатындықтан, адамның бет-жүзін әжім ерте торламайды.
Адам белгілі бір тілде қалыптасқан мәдени ортада өмір сүреді. Белгілі бір мәдени ортада сол ұлттың рухани құндылықтарын меңгерген адамдар ғана жақсы жетістіктерге жете алады. Ал сол құндылықтарды игерудің бірден-бір төте жолы – сол мәдениетте жасалған тіл арқылы жүретіндігі белгілі болса керек. Сөйтіп, тіл адамның денсаулығымен бірге оның қоғамдағы орнын да, жетістіктерін де, материалдық жағын да қамтамасыз ететін бірден-бір тетік екен.
«Әрбір азамат мұншама тіл білуі керек» деген тілге қатысты ешқандай халықаралық стандарт жоқ. Сондықтан да қалайда шет тілін, көп тіл білуді міндет қылмай, қажеттілігіне қарай үйренген жөн. Өйткені біздің басты мақсатымыз әлемнің кез келген елінде қызмет істей алатын әлемдік ауқымдағы азаматтарды дайындау емес, керісінше, еліміздің ертеңіне адал еңбек ететін жан-жақты білімді, парасатты ұлттық мамандар дайындау екендігін естен шығармайық.
Ал енді екі тіл қатар оқытылғанда, екі тілде қатар сөйлегенде екі тілдегі ойлау жүйесі де қатар жұмыс істеп, бір-біріне кедергі жасайды. Қазақша сөйлеп тұрған адамның кей кездерде орыс тілін араластырып жіберетіндігі – осы екі тілдік ойлау жүйесінің қатар келіп, бір-біріне кедергі келтіретіндігінің нақты көрінісі. Екі тілдік ойлау жүйесі жұмыс барысында бір-біріне кедергі келтіріп, нәтижесінде адамның ойлау қабілетінің дамуына айтарлықтай нұқсан келтіретіндігін ғалымдар айтып жүр.
Сонымен, бүгінгі күндері Қазақстанның білім беру жүйесінде жүзеге асырылып жатқан «қостілділік», «үш тұғырлы тіл» дегендеріміз байқамаса, яғни ғылыми негізде жүргізбесе, тікелей ұлттық тілдің жойылуына, оның артында тұрған ұлтсыздыққа, ұлттың жойылуына алып баратын қаупі бар екендігі әрдайым есте болғаны жөн.
Дандай ЫСҚАҚҰЛЫ, С.Демирел атындағы университет ректорының кеңесшісі, филология ғылымының докторы, профессор
"Жас Алаш" газеті