19 ақп, 2018 сағат 13:25

Үш облыста жүргізілген арнайы операцияның видеосы жарияланды

Бас прокуратура өкілдері 3 облыс пен Алматы қаласында жүргізілген арнайы ауқымды операция туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазіргі таңда 35 күдікті, олардың ішінде Қырғызстан Республикасының үш азаматы, кеден органдарының, шекара қызметінің лауазымды тұлғалары, брокерлер, делдалдар, сондай-ақ ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшелері ұсталды. Соттың санкциясымен 33 тұлға қамауға алынды. Арнайы операция алдында ұзақ жедел-жете тексеру жүргізілді», - деді Бас прокуратураның ресми өкілі Оксана Лоскутова.

Оның айтуынша, арнайы шара барысында мемлекеттік шекараның Қазақстан-Қытай аймағында орналасқан Алтынкөл, Қалжат және Қорғас кеден бекеттері, Қазақстан-Қырғызстан аймағында орналасқан Қордай мен Қарасу бекеттері мен Қазақстан-Өзбекстанның Сарыағаш, Қазығұрт, Атамекен, Қапланбек шекара аймақтары арқылы халық қолданысындағы тауарларды контрабандалық тасымалдау анықталып, құжатталған.

«Атап айтқанда, Қазақстанға контрабандалық тауарлар Қытайдан тікелей, сондай-ақ Қырғызстан арқылы кедендік әкімшілеудің көлеңкелі сызбасын, жалған құжаттарды және төмендетілген мөлшер қолданыла отырып әкелінген. Күдіктілерге кедендік рәсімдеу және жүкті алып жүруді қамтамасыз ететін кедендік органдар мен шекара қызметінің кейбір лауазымды тұлғалары көмек көрсеткен. Тауарлар Қазақстанның ірі қалалары мен Ресей Федерациясына жолданып отырған. Мемлекеттік шекараның Қазақстан-Өзбекстан аймағында кедендік өткізу бекеттері арқылы тауарларды өткізуді жылдамдату үшін кеден қызметкерлері пара алып отырған. Контрабандалық іс-әркеттке қатысты тұлғалар ірі көлемде ақшалай сыйақы беру жолымен арнайы және құқық қорғау органдары тарабынан «қамқорлық» алуға әрекеттенген», - деді ол.

Ресми өкілдің дерегінше, жүргізілген іс-шаралар барысында барлығы 8 ұйымдасқан қылмыстық топтың заңсыз іс-әрекеттеріне тосқауыл қойылды. Аталған деректер бойынша экономикалық контрабанда, ұйымдасқан топ, қылмыстық ұйым мен трансұлттық ұйымдасқан топ құру және оларға басшылық ету, сол сияқты оларға қатысу және парақорлық фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.

«Сот санкциясы негізінде 76 тінту жүргізіліп, нәижесінде едәуір сомада ұлттық және шетел валютасында ақшалай қаражаттар, зергерлік бұйымдар, құқық беретін және бухгалтерлік құжаттар, кедендік декларациялар алынды. Контрабандалық жүктер тиелген екі автокөілк ұсталды. Ақша қаражаттары мен басқа да материалдық құнды заттардың шығу көздері сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында тексерілді. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру ведомствоаралық тергеу жедел тобымен жүргізілуде. Қылмыстық іс Бас прокурордың бақылауына алынды», - деді Лоскутова.