Алматыда үш баласымен бірге терезеден секіріп, мерт болған әйелге қатысты қылмыстық іс тоқтатылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұл туралы Алматы қалалық полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек мәлім етті.
«Аталған факті Әуезов ауданы полиция басқармасында қылмыстық кодекстің 105-бабы («өзiн-өзi өлтiруге дейiн жеткiзу») бойынша тіркелді. Кешенді тергеу шаралары жүргізілді. Нәтижесінде қылмыс құрамының болмауына байланысты қылмыстық іс тоқтатылды», - дейді С.Әзірбек.
Еске салайық, 2021 жылдың қарашасында «Жетісу» шағын ауданындағы тұрғын үйлердің бірінде 28 жастағы әйел 2015, 2016 және 2019 жылғы балаларымен бірге 9-қабаттан секіріп кетті. Әйел мен екі баласы оқиға орнында көз жұмды. Тағы бір бала жедел жәрдем көлігінде қайтыс болды.