"Туыстарының пікірінше былтыр қыркүйек айында дүйім жұрттың жағасын ұстатқан үш ағайындының өлімінің әлі де ашылмаған тұстары бар. Бұл туралы марқұмның туысы Еркін Бейсекей ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында мәлім етті", - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Оның сөзінше, марқұмдарды атқан қарудың иесі бостандықта жүр.
«Марқұмдарды атқан қару және тінту барысында тағы бір қару пайда болған. Осы қарулардың иелері бостандықта жүр. Осы іс бойынша жоғарғы жақтағыларға айтарымыз, аталған қару жөнінде тергеу аяғына жеткен жоқ. Себебіне біз әлі жете алмай отырмыз», - дейді Еркін Бейсекей.
Сондай-ақ ол құзырлы орган өкілдері сотталғандардан моральдық және материалдық шығынды уақыт оздырмай өндіріп берсе деп отыр. Себебі, қаза болған марқұмдардың артында 8 бала жетім, жарлары жесір қалды. Ал, үш ағайындыны азаптап өлтірді деп сотталған Талғат Сүлейменов пен Мұрат Оңалбаевқа жалпы құны 105 млн теңге материалдық және моральдық шығынды өтеу жөнінде сот үкімі шыққан болатын. Айта кету керек, үш айындының қазасы туыстары үшін өте ауыр болды. Марқұм Жарқынбек Долданның анасы ұлының қазасын көтере алмай, қайтыс болды. Ертең жетісі өтеді.
Бүгін Алматы облыстық сотында үш ағайындыны өлтіргендердің аппеляциялық шағымы қаралды. Сот алқасы шағымды қанағаттандырусыз қалдырды. Мұқият Зарылхан, Жарқынбек Долдан және Қаділбек Әлімханды өлтірді және қылмыс бойынша хабарламады деген айыппен үш адам сотталған болатын. Талғат Сүлейменов өмір бойына темір торға қамалды. Ал Мұрат Оңалбаев 25 жылға, Бақыт Байқасымов 4 жылға сотталған еді. Ал, Қарасай аудандық сотында қаралған қылмыстық істің үкімі 29 қарашада шыққан болатын.