Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов мал ұрлығының алдын алуға байланысты атқарушы органдарға тапсырма берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Мал ұрлығының дендеп кетуі облыс тұрғындарына айтарлықтай қиындық туғызуда. Облыстық ІІД бастығының орынбасары Болатбек Жұмағалиевтің айтуынша, жыл басынан бері мал ұрлығымен айналысып жүрген 9 қылмыстық топ ұсталған. Олар 44 мәрте ұрлық жасаған.
«Қаңтар айынан бастап өңірде 538 мал ұрланды. Олардың 215-і немесе 40 пайыздайы иелеріне қайтарылды. Қалған қылмыстардың бетін ашу мүмкін болмай тұр. Сондықтан тұрғындарға өздерінің түліктеріне GPS-құрылғы орнатуға кеңес береміз. Бұл өте қымбат емес, қолжетімді бағада сатылады», - деді Болатбек Жұмағалиев.
Осы жылдың қыркүйек айында Денисов ауданының Синегорск ауылында «Просторы» ЖШС-на тиесілі 47 жылқы ұрланды. Шығын көлемі - 8,4 млн теңге. Жедел-із кесу шаралары барысында жылқылардың Ресейге өтіп кеткені анықталды. Ұрылар Челябі облысының Варненский ауданына айдап алып кеткен. Осындай жағдай Жангелдин ауданының Қалам-Қарасу ауылында да болды. Аймақ басшысы Архимед Мұхамбетов мал ұрлығына атүсті қарауға болмайтынын айтып, жергілікті полиция мен атқарушы билік органдарына тиісті шараларды қабылдау керектігін тапсырды.
«Жалпы, шалғай жатқан елді мекендердегі ұрлық-қарлық жергілікті атқарушы биліктің салғырттығынан болады. Ауылда шоғырланып жатқан фабрика, зауыттар жоқ. Басты кіріс көзі - мал шаруашылығы. Жергілікті әкімдер кез келген қожалықтың жағдайын біледі. Малдың қай жерде жайылатыны да анық. Жаңағы «Просторы» ЖШС-ны мысалға алайық. Шығын көлемі 8,4 млн дегенмен келіспеймін. Себебі, сол ұрланған жылқылардың барлығы 200 мыңнан тұрмайды. Одан да қымбат. Тағы да ескертемін, шаруа қожалықтарына GPS-құрылғылардың пайдасын түсіндіріңіздер. Бұл бағытта полицейлермен бірігіп, жұмыс істеу керек. Мал ұрлығымен күрес бағытындағы іс-шараларды күшейтіңіздер», - деп тапсырды әкім.
Облыста Қостанай, Денисов, Әулиекөл, Таран аудандары мен Арқалық қаласында мар ұрлығы көбейген. Қылмыстың алдын алу шараларының бірі - чип орнату. Мамандар мал шаруашылығы иелерiне таңбалаудың дәстүрлi әдiстерiмен бiрге электронды чиптi қолдануға кеңес бередi. Чиппен қамтамасыз - ету малдың санын бақылау мүмкiндiгі, себебі чиптi сырға секілді алып тастау мүмкiн емес. Бір сөзбен айтқанда, бұл - жануардың паспорты. Иесі үйінде отырып, түліктерінің бағыт-бағдарын бақылап отырады.