26 сәу, 2022 сағат 13:10

"Урал" мотоциклдері Қазақстанда құрастырылмақ



Ресейлік Ural Motorcycles өз өндірісін Қазақстанға ауыстырады. Бұл туралы компания басшысы Илья Хаит мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Оның айтуынша, бүгінде Ресейге қарсы санкциялардың салдарынан қажетті бөлшектерді жеткізу жағынан қиындықтар басталды. Оған қоса, импортқа тыйым салынып отыр. Осыған байланысты Свердловск облысының Ирбит қаласындағы өндірісті Қазақстанға ауыстыруға шешім шығарылды. 
"Урал" мотоциклдерін Петропавл қаласында жинайды. Екі қаланың арасы – 600 шақырым. 
Ирбит зауытының жұмысы тоқтамайды. Ол жерде мотоцикл қаңқалары мен корпус элементтерін жинай береді. Бірақ штатты қысқартуға тура келеді. 
Ал Петропавл қаласында жаңа жұмысшыларды жинайды. Ural Motorcycles басқарушы құрамы да Қазақстанға көшіп келеді. 
Айта кетері, бүгінде "Урал" мотоциклдерінің басым бөлігі батыс елдеріне және АҚШ-ға экспортталады.