Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігі Ural Motorcycles компаниясы өкілдерінің Петропавл қаласына келіп, мемлекеттік органдарға жүгінбегенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Әлеуметтік желіде Ural мотоциклдері өндірісінің Петропавлға көшірілетіні туралы ақпарат тарап жатыр. Бұған autonews.ru сайтының материалы негіз болған. Жарияланған ақпаратқа сәйкес, Ural Motorcycles бұл қадамын санкцияға ұшырайтын бірқатар құрамдас бөліктердің жетіспеуі және Ресейден техника әкелуге тыйым салынғанымен түсіндірді. Ural техникасының басым бөлігі Батыс елдеріне экспортталады.
Бас директор Илья Хаиттың айтуынша, өндіріс орнында жаңа жұмыс орындары ашылады. Басқару командасы Ресейден көшіп келеді.
Облыс әкімдігі зауыт өкілдерінің Петропавлға келіп, құрастыру өндірісін орналастыру орындарын қарап, жалға берушілермен келіссөздер жүргізгенін атап өтті.
«Мемлекеттік органдармен кездесулер өткізілген жоқ. Мемлекеттік қолдау шаралары әлі қолданылған жоқ. Ақпарат жақында жаңартылады. Жалпы, Солтүстік Қазақстан облысы жаңа өндірістер ашуға инвесторлардың ұсыныстарын қарауға әрқашан дайын. Соның ішінде «Qyzyljar» арнайы экономикалық аймағының аумағында», - деп түсіндірді облыс әкімінің баспасөз қызметі.