25 нау, 2022 сағат 12:55

Сөз бостандығын шектеу емес - Министр жаңа заң жобасы туралы


Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Умаров балалар мен кәмелетке толмағандарды буллинг пен кибербуллингтен қорғау жөніндегі заңнамаға қатысты өз пікірін білдірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Біріншіден, бұл түзетулерді қабылдау - Қазақстандағы сөз бостандығын шектеу емес. Шын мәнінде заң жобасына ұсынылып отырған түзетулер біздің еліміздегі сөз бостандығын ешбір жағдайда шектемейді, керісінше, ҚР аумағындағы әлеуметтік желілер мен мессенджерлер қызметін заңнамалық реттеуді көздейді. Басқаша айтқанда, біз шетелдік компаниялардың да елімізде қызмет етіп отырған кез келген кәсіпкерлік субъектілері сияқты ҚР заңдарын сақтауын қамтамасыз еткіміз келеді. Заңдарда тиісті баптар болмағандықтан, Meta, Telegram және т.б. сандық алпауыттар физикалық тұрғыдан Қазақстан территориясында болмағандықтан, біз олардан заңдарымызды сақтауды талап ете алмаймыз. Заңды өкілді тағайындау осы жағдайды түзетуге мүмкіндік береді», - деп жазды Асқар Умаров Facebook парақшасында. 

Министрлік соңғы жылдары халықаралық әлеуметтік желілердің иелерімен белсенді ынтымақтастық орнатып жатыр. «ВКонтакте», «Одноклассники», «Mail.ru», «Livejournal», «Facebook», «Instagram», «Tik tok», «Linkedin», «Telegram» мессенджерлері бұл бастаманы құптады және осы нормаларды орындауға келісім берді. 

«Қазіргі уақытта шетелдік әлеуметтік желілер заңды өкілді анықтау және тағайындау бойынша жұмыс жүргізуде. 

Бұл түзетулер қарапайым пайдаланушыларға ешқандай әсер етпейді, өйткені заңсыз материалдарды таратуға жауапкершілік қолданыстағы заңнамада қарастырылған, олар өзгеріссіз қалады. Екіншіден, 24 сағат ішінде заңсыз контентті жою талаптары. Белгілі болғандай, әкімшіліктері ешқандай жауапкершілікке тартылмайтындықтан жабық топтар мен қауымдастықтар жеке парақшаларында жеке тұлғалардың соңына түсу, қудалау, қорлау, жеке басқа тиісу фактілерін тоқтатпай отыр. Олармен байланыс орнатып, ақылға шақыру әрекеттері көп жағдайда нәтиже бермейді. Бұл жағдайды шешудің жалғыз әрі тиімді әдісі - әлеуметтік желілердің өздеріне жүгіну. Ақпаратты 24 сағаттан артық сақтау, сіз түсінгендей, мәліметтің өзектілігін жоғалтуына немесе зиянды салдарға әкелуі мүмкін», - дейді министр. 

Оның айтуынша, 24 сағат ішінде әлеуметтік желілердегі контентті жоюды/бұғаттауды талап ететін заңдар бірқатар дамыған елде бар. Мысалы, Германияда 2017 жылдан бастап «Әлеуметтік желілер пайдаланушыларының құқықтарын қорғау туралы» Заң қолданыста. 

«Үшіншіден, мониторинг пен статистика. Бүгінгі күні Қазақстан Республикасының аумағында кибербуллинг фактілерін айқындау және тіркеу тетігі заңнамалық тұрғыдан әлі реттелмегендіктен тікелей статистика жоқ. Алайда, Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын сақтауды бақылау шеңберінде Министрлік тұрақты түрде бұқаралық ақпарат құралдарының, оның ішінде Интернет желісінің өнімдеріне мониторинг жасайды. Жалпы, 2021 жылы интернет-ресурстардың меншік иелері мен әкімшіліктерінің заң бұзушылықтарын жою туралы уәкілетті органның ұсынымдары бойынша шамамен 222 453 құқыққа қарсы материалдарды жою бойынша шаралар қабылданды. Бұдан басқа, 2021 жылы «Байланыс туралы» заңда көзделген тәртіппен уәкілетті орган Қазақстан Республикасының аумағындағы пайдаланушылар үшін кибербуллингке қатысы бар 10 578-ден астам материалдың таралуын шектеді. Жалпы, ұсынылып отырған жаңа нормалар аясында Министрлікке әлеуметтік желілер мен мессенджерлердің еркін қызметіне кедергі келтіретін және пікір білдіру бостандығын шектейтін құзырет берілмейтінін атап өткім келеді», - деп түйіндеді Умаров.