Сурет: Ұлытау облысы әкімдігінің ресми сайты
Конкурс нәтижесі бойынша кеше ғана бекітілген Ұлытау облысының төлтаңбасы тұрғындардың қызу пікірталасынан кейін қайта таңдалатын болды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" өңір әкімдігіне сілтеме жасап.
"Облыс Төлтаңбасы мәселесі әлеуметтік желілерде қызу пікірталас тудырды.
Осыған байланысты конкурс қорытындыларын және сәйкесінше конкурстық комиссияның нәтижелерін жою туралы шешім қабылданды" - делінген Ұлытау облысының Instagram парақшасында.
Еске салайық, 18 қаңтарда өңір әкімдігі төлтаңбаны таңдау конкурсының нәтижесін жариялаған болатын.
"Бірнеше ай бойы Ұлытау облысы Елтаңбасының үздік эскиздік жобасына байқау өткені белгілі. Өңірдің басты рәмізіне қатысты республикамыздың түпкір-түкпірінен 130-ға жуық ұсыныс түсті.
Барлық эскиз 2022 жылғы 12-18 желтоқсан аралығында арнайы ұйымдастырылған көрме аясында Жезқазған тұрғындары мен қонақтарының назарына ұсынылды. Нәтижесінде комиссия мүшелері және көрмеге келген тұрғындар ең үздік 18 эскизді таңдады.
Ұлытау облысының Елтаңбасын таңдауға өңірдің барлық тұрғындары да Instagram парақшасында танымал «Это Жез» парақшасында дауыс беру арқылы қатысуға мүмкіндік алды. Онлайн дауыс беру нәтижелері бойынша ең көп дауыс жинаған №15 нұсқа болып айқындалды.
Жеңімпаз атанған эскиздік жоба - жерлесіміз, Еуразиялық Дизайнерлер Одағының мүшесі Шахибаден Сейіткеновтың еңбегінің нәтижесі" - деп жазған облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.