19 шілде күні облыс мәслихаты Ұлытау облысының 2022-2024 жылдарға арналған бюджетін қабылдады. Осы орайда бюджет қаражаты облыс аумағындағы әлеуметтік нысандардың және инфрақұрылым желілерінің құрылысын жүргізуге бағытталатын болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Облыс бюджеті Қарағанды облысының бюджетін бөлу және аудандар (қалалар) бюджеттерінен берілетін трансферттер есебінен қалыптастырылды. Қарағанды облысының 610 млрд 161,3 млн теңгені құрайтын бюджетін бөлу кезінде Ұлытау облысының бюджетіне түсімдер үлесі 17 пайызды немесе 103,5 млрд теңгені, ал шығыстар үлесі 15,6 пайызды немесе 95,3 млрд теңгені құрады. Облыс аумағында «Қазақмыс» компаниялар тобының 9 кәсіпорнын қайта тіркеуге байланысты бюджет кірісіне қосымша тағы 8,2 млрд теңге түседі. Бұл облыстың жаңадан құрылу сатысында бюджет үшін ерекше маңызға ие», - делінген Ұлытау облысы әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінде.
2022 жылға арналған облыс бюджетінің кіріс бөлігі қосымша түсімдермен бірге 29,8 млрд теңгені құрады. Аудандар мен қалалардан түсетін трансферттер 13,8 млрд теңгеге жетті. Осы жыл бюджетінің барлық түсімдері 43,7 млрд теңге болды (нысаналы трансферттерсіз және субвенцияларсыз).
«Алдағы бюджетті нақтылау кезінде қосымша тағы 83 млрд теңге көзделетін болады. Оның ішінде 23,5 млрд теңге республикалық бюджеттен субвенция, 33,7 млрд теңге нысаналы трансферт, 10,7 млрд теңге өңірлерге трансферт, асыра орындау есебінен - 15 млрд теңге. Бюджет шығыстарының негізгі үлесі әлеуметтік салаға тиесілі. Бұл салаға жалпы шығыстардың 54 пайызы (16,2 млрд теңге), тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдарына – 14 пайыз, ауыл шаруашылғы және ветеринарияға 3 пайыз бағытталады», - деп нақтылады баспасөз қызметі.
Облыстық бюджеттің шығыстары 30,8 млрд теңге көлемінде бекітілді. Бұл қаражаттың 82,8 пайызы ағымдағы шығыстарға (бірінші кезектегі шығыстар - жалақы, стипендиялар, мемлекеттік мекемелерді, мектептерді, мәдениет, денсаулық сақтау объектілерін, колледждерді және т. б. ұстауға), 14,5 пайызы түрлі жобаларды іске асыруға бағытталатын болады.
Осы жылдың басынан бастап Қарағанды облысының бюджетінен басталған жобаларға жұмсалатын шығындар Ұлытау облысының бюджетінде бекітілгенін атап өту керек. Бұл – мектептерді пәндер бойынша мультимедиялық және интерактивті кабинеттермен жабдықтау, Ұлытау ауданының Сарысу, Борсеңгір ауылдарының 2 мектебін күрделі жөндеу, Жезқазған қаласының онкологиялық орталығын жөндеу, облыстық маңызы бар автомобиль жолдарын орташа жөндеу, қалалар мен аудандардың автомобиль жолдарын орташа жөндеу, Жезқазған қаласының тазарту құрылыстарын қайта жаңарту, Жаңаарқа кентінің негізгі су тартқышын қайта жаңарту сынды ірі шығыстар.