27 қыр, 2024 сағат 10:56

Ұлытау облысында заңсыз руда өндірген күдіктінің қылмысы аэроғарыш суреттерінің көмегімен анықталды

Фото: pexels.com

Қаржылық мониторинг агенттігі Ұлытау өңірінде марганец рудасын рұқсатсыз өндіруге және кейін оны заңдастыруға қатысты тергеуді аяқтап, істі сотқа жіберді, деп хабарлайды ведомствоға сілтеме жасаған Ult.kz.

Күдікті 2020-2023 жылдар аралығында ешқандай рұқсат құжаттарынсыз Ұлытау облысындағы «Восточный карьерінен» марганец рудасын заңсыз өндірумен айналысқан.

Қылмыс «Қазақстан Ғарыш Сапары» АҚ-ның аэроғарыштық суреттерінің көмегімен анықталды.

Жер қойнауын өз бетінше пайдалану фактілерін тергеп-тексеру барысында карьер орналасқан жер учаскесін пайдалану жөніндегі уәкілетті органдардан берілмегені, сондай-ақ жоғарыда аталған азаматтың тиісті тіркеуі жоқ екені анықталды.

Кейіннен күдікті жалған шот-фактураларды жазып, заңсыз өндірілген марганец рудасын заңдастырып, республика бойынша және шет мемлекеттерге өткізген.

Марганец рудалары өнеркәсіптің әртүрлі салаларында – металлургияда, химияда, керамикада, шыныда, ал оның қосылыстары – фармацевтика өнеркәсібінде қолданылады.

Мемлекетке 1 млрд теңгеден астам шығын келген.

Заңсыз өндірілген кен көлемі 16 мың тоннаға жетіп, жалпы сомасы 3 млрд теңгеден асады.

Күдіктінің 337 млн теңгенің жылжымалы және жылжымайтын мүлкі тәркіленді.

ҚР ҚПК 201-бабына сәйкес өзге де мәліметтер жария етілуге жатпайды.