Фото: ТЖМ баспасөз қызметі
Ұлытау облысында газ баллоны жарылып, 16 адам зардап шекті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Төтенше жағдайлар министрлігіне сілтеме жасап.
"27 желтоқсанда Ұлытау облысының Жаңаарқа кентінде жеке тұрғын үйдің аумағындағы моншада тұрмыстық газ баллоны жарылды. Нәтижесінде 100 ш.м. аумақта монша шатыры бұзылып, 50 ш.м. алаңның жануына әкелді. ТЖД күштері өртті жедел түрде оқшаулады.
Алдын ала мәліметтер бойынша, оқиға болған үйде ас берілген. Жарылыс салдарынан 16 адам зардап шекті. Олардың 8-і ауруханаға жатқызылды, 1-і ауыр жағдайда. 8 адам үйлеріне жіберілді. Өйткені медициналық тексеру кезінде ауруханаға жатқызу қажеттілігі болған жоқ" - делінген хабарламада.
Оқиға орнында Жаңаарқа кентінің 6-ӨСБ күштері мен құралдары жұмыс істеп жатыр: жеке құрамның 4 адамы, ТЖБ қызметкерлері – 2 адам және 1 бірлік Ац-40 техникасы. Жарылыстың себебі мен жағдайлары анықталуда.
Алдын ала деректерге сәйкес қауіпсіздік техникасы өрескел бұзылған – газ баллоны аяздан үйге әкелініп, жылыту құрылғысының жанына қойылған.