Ұлыбритания Парламенті Қауымдар палатасында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған конференция өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның аясында еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері туралы жазылған ағылшын тіліндегі «Kazakhstan at 30: The Awakening Great Steppe» («Қазақстанның 30 жылдығы: Жаңғырған Ұлы Дала») атты жаңа кітаптың тұсауы кесілді.
Кітапта экономикалық даму, инвестициялық ахуалды жақсарту, саяси реформалар, білім беру жүйесін трансформациялау, халықаралық аренадағы жетістіктер, мәдени мұраны, туризмді дамыту сияқты соңғы үш онжылдықта жеткен жетістіктерге шолу жасалады. 15 эсседен тұратын жинақтың авторлары: беделді британиялық, халықаралық және қазақстандық сарапшылар.
Алғы сөзді белгілі британиялық тарихшы, «Жібек жолы: Әлемнің жаңа тарихы» әлемдік бестселлерінің авторы, Оксфорд университетінің профессоры Питер Франкопан жазған. Эссе авторларының қатарында ҚР Президентінің экономикалық даму мәселелері жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі Сэр Сума Чакрабарти, ҚР Президентінің көмекшісі Ерлан Қарин, АҚШ Мемлекеттік хатшысының бұрынғы көмекшісі Ниша Бисвал, Біріккен Корольдіктің бұрынғы Мемлекеттік Қорғаныс министрі Джонатан Айткен, Ұлыбритания Парламенті Лордтар палатасының мүшесі және Англия мен Уэльстің бұрынғы Жоғарғы судьясы Лорд Гарри Вульф, канадалық сәулет тарихшысы және «Астана: сәулет, миф және тағдыр» кітабының авторы Фрэнк Альбо бар.
Ұлыбритания парламентінің депутаты, Қазақстанмен ынтымақтастық жөніндегі Жалпыпартиялық парламенттік топтың төрағасы және кітаптағы эссе авторларының бірі Боб Стюарт құттықтау сөзінде Қазақстанның тарихи өлшем бойынша қысқа мерзім 30 жыл ішінде зор табыстарға қол жеткізе алғанын атап өтті.
«Тәуелсіздік жылдарында елдеріңіз өзінің мемлекеттік шекарасын бекітіп, халықаралық аренадағы беделін нығайта алды. Жаңа экономикалық жүйені, әлеуметтік саланы дамытты, әлемдік деңгейдегі оқу орындарын құрды, сондай-ақ өзіне ағылшын жалпы құқығы қағидаттарын басшылыққа алған құқықтық жүйені қалыптастырды», – деді ол.
Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшісі Ерлан Ыдырысов, өз кезегінде, бұл бірегей кітап рефлексия іспеттес – тәуелсіздіктің алғашқы 30 жылының объективті бағасы, сондай-ақ халықаралық және қазақстандық сарапшылардың болашаққа жаңа көзқарасы екендігін атап өтті.
«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) сотының төрағасы Лорд Джонатан Манс АХҚО соты мен халықаралық төрелік орталығын (ХТО) құруда қол жеткізілген жетістіктері және оның тиімді жұмысы туралы айтып берді.
«АХҚО соты – бұл орталықтың өзі үшін де, оның қызметіне жүгінетін адамдар үшін де заң үстемдігі мен бизнес-процестердің қауіпсіздігіне кепілдік беруге арналған инновациялық кәсіпорын. Бұл соттың ерекшелігі – ол Қазақстанның ұлттық құқықтық жүйесінен толығымен тәуелсіз. АХҚО Еуразия жүрегіндегі Британ құқығының аралы», - деп атап өтті ол.
Қазақстандағы білім беру жүйесін дамыту туралы эссенің авторы Кембридж университеті Білім беру инновациялары департаментінің директоры профессор Коллин МакЛафлин аса жоғары халықаралық стандарттар деңгейінде жұмыс істейтін Назарбаев Университетін, сондай-ақ оқыту саласындағы озық білім мен технологиялар сынақтан өткен эксперименттік мектептер құру бастамасые көреген шешім деп атап өтті.
«Соңғы жылдары Қазақстан ұзақ жолды өткергеніне қарамастан, бұл процесс әлі де жалғасуда. Осы уақыт ішінде сіздің еліңіз оқу бағдарламасын, бағалау жүйесін, педагогиканы, мұғалімдердің жұмыс жағдайын, соның ішінде жалақыны өзгертті. Қазақстан да халықаралық деңгейде мойындалды – қазақстандық бағалау жүйесі алғаш рет әлемдік деңгейде танылды. Бұл керемет жетістіктер. Соңғы 4-5 жыл ішінде бұл реформалар пилоттық сатыдан өтіп, бүкіл ел бойынша енгізіліп жатыр. Бұл одан да күрделі жауапкершілік жүктейді», – деп түйіндеді ол.
Басылымның редакторы, журналист және жазушы Ник Филдинг кітаптағы эсселердің авторларының сарқылмас ынтасы мен Қазақстан туралы білім тереңдігіне тәнті болғанын атап өтіп, тыңдаушыларды кітапты оқуға және Ұлы Дала еліне саяхаттауға шақырды.
Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай өткен конференция Британ Парламенті жиналыстар өткізетін Вестминстер сарайының тарихи залдарының бірі – «Strangers' Dining Room» бөлмесінде өтті. Іс-шараға 100-ден астам қонақ, оның ішінде белгілі парламентийлер, Біріккен Корольдіктің саяси, академиялық және мәдени топтарының өкілдері, журналистер мен шетелдік дипломаттар қатысты.