Британия премьер-министрі Борис Джонсон мен Украина президенті Владимир Зеленский. Киев, 9 сәуір, 2022 жыл
Ұлыбритания Ресей мен Беларуське жаңа санкция салды. Жалпы құны 1,7 миллиард фунт-стерлинг (2,1 миллиард АҚШ доллары) болатын сауда айналымына шек қойылды. Бұл жөнінде британ үкіметі баспасөз қызметі хабарлады.
Британдықтар есебі бойынша, Ресей Украинаға басып кіргелі Борис Джонсон үкіметі 5 миллиард доллар болатын тауардың әрі-бері тасымалдануына шек қойған.
Ресейден импортталатын 1,4 миллиард фунт-стрелинг (1,7 миллиард доллар) болатын тауардың тарифі 35 пайызға өседі. Бұған қоса платина мен паладийдің кедендік бажы артады.
Бұған қоса, Лондон экспортқа да шектеу қойды. 200 миллион фунт-стрелинг шамасындағы британ тауарын Ресейге экспорттауға тыйым салынды. Бұл тізімде әсіресе Ресейде қат химикат, пластмасса, резина, машина құрылғылары сияқты тауарлар бар.
Бұл – Британияның Ресейге қатысты экспорт-импорт шектеуінің үшінші легі. Осыдан кейін санкцияға іліккен Ресей импортының көлемі 96 пайызға, Ресейге Британия экспортының көлемі 60 пайызға жетпек.
Наурыздың ортасында Лондон Ресейге қымбат заттарды экспорттауға тыйым салған және Ресейдің кей тауарларына, соның ішінде араққа тарифті арттырған. Сәуірдің соңында украин халқына қарсы қолданылуы мүмкін деген тауарларды экспорттауға шек қойылды.