Ақмола облысы Степногорск қаласындағы «Эстрада театры» алаңында тарихта аттары алтын әріппен жазылатын танымал тұлғаларымызды дәріптеуге арналған суреттер галереясы ашылды.
«Ұлы даланың – Ұлы тұлғалары» аталатын бұл жоба «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында, сондай-ақ Степногорск қаласының 55 жылдығына орай орнатылған. Салтанатты рәсімді шаһар әкімі Еркебұлан Баяхметов ашып берді.
Сурет галлериясын ұйымдастыру «Степногорск тау-кен химиялық комбинатының демеушілік қаражаттары есебінен іске асуда. Салтанатты ашылу рәсіміне кәсіпорын өкілдері, облыстық ұйым мамандары қатысты. Галереяға қойылған суреттер сонау Күлтегін, Керей, Жәнібек хандарынан бастау алып, Кенесары мен Абайға дейін жалғасын тауып отыр.
Жобаның басты мақсаты – өскелең ұрпақты өз тарихына баулу және ел болып қалыптасуға септігін тигізіп, ұлттың намысына айнала білген кемеңгер тұлғалар арқылы рухани адамгершілік құндылықтарды жаңғырту.
Айта кетсек, Степногорск қаласы әкімі Еркебұлан Баяхметовтің айтуынша, өткен жылы қала активіне, кәсіпорын басшылары мен шағын және орта бизнестің өкілдеріне жүзеге асыратын негізгі жобалар ұсынылған. Олардың арасында орталық алаң мен қалалық паркті қалпына келтіру, Қажымұқан Мұңайтпасов ескерткішін орнату, робот техникасы кабинеттері мен ІТ класын сатып алу, қаланың шағын аудандары мен кенттерде балалардың ойын, спорт алаңдарының құрылысы тәрізді жұмыстар болған. Бағдарлама бағытына сәйкес 200 шара өткізіліп, 37 мың адам қатысқан.
Сондай-ақ денмеушілер тарапынан да бірқатар көмек көрсетілген. Мәселен, балалардың спорт алаңдарын салынып, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасына пәтер сатып әперілген. Степногорск қаласында, Шаңтөбе мен Бестөбе кенттерінде кітапхана мен робот техникасы кабинеттерін ашылып, білім және мәдениет нысандары жөнделген.