28 қар, 2019 сағат 17:26

«Ұлы дала тарихы мен рухын болашаққа жалғаған...»

27 қараша күні М.Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында тарихшы, жазушы-драматург, педагог, этнограф, ғалым Жамбыл Омарұлы Артықбаевтың «Ұлы дала тарихы мен рухын болашаққа жалғаған...» атты шығармашылық кеші өтті және автордың «Абылай хан» атты жаңа кітабының тұсауы кесілді.

Жамбыл Омарұлы Артықбаев драматургия, өлкетану, этнология салаларында еңбек еткен. 2017 жылы Жамбыл Омарұлы «Қазақстан өзбектері» және «Этнология и этнография» атты еңбектері үшін Қазақстан Ассамблеясының «Бірлік» медалімен және «Қазақстан ғылымына сіңірген еңбегі үшін» медалімен марапатталған. 2009 жылдан бастап Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің «Археология және этнология» кафедрасының профессоры және Еуразия зерттеу орталығының жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы.

Алыстан ат терлетіп келген Жамбыл Омарұлы Артықбаевтың кешіне атына сырттай қанық оқырманы көп жиналды. Оған Көкшетау қаласының зиялы қауым өкілдері, Ш. Уәлиханов атындағы мемлекеттік университетінің, және қалалық білім бөлімінің тарихшылары, Көкшетау техникалық институтының оқытушылары мен шәкірттері, жоғары оқу орындарының студенттері, кітапханашылар, БАҚ өкілдері қатысты.

Іс-шараның мақсаты - «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру, ғалым мен оқырман арасындағы байланысты нығайту, Жамбыл Омарұлы Артықбаевтың шығармашылығын қалың оқырманға таныту, насихаттау.

Өзінің әдемі әңгімесінде Жамбыл Омарұлы тарихты зерттеудің маңыздылығы туралы егжей-тегжейлі айтып берді және ол осындай танымал тұлғаға арналған кітапты неге жазғанын түсіндіріп берді.

«Қазақ халқының бағына туған даңқты тұлға, мемлекет және қоғам қайраткері Абылай хан оқырман қауым үшін тағылымды. Адамзат тарихында тағдырдың жазуымен, өзінің қайраткерлік қарымымен өзі өмір сүрген уақытының белгісіне айналатын сирек тұлғалар бар. ХVІІІ ғасырда жан-жақтан анталаған жаулардың табанының астында қалған Қазақ хандығын қайта жаңғыртып, оны Орталық Азиядағы ірі саяси күшке айналырған Абылай хан осындай сирек тұлғалардың қатарында. Әрине, әр елдің адамзаттың ұлы көшінде өз орыны бар. Бұл жағынан ХVІІІ ғасырдағы Қазақ хандығын ерте дүниеде, орта ғасырларда кәрі құрылықты түгел иемдеген Еуразия көшпелілерінің ұлы империяларымен салыстыра алмайсыз. Абылай хан ХVІІІ-ші ғасырда өмір сүрді. Бұл ғасыр Еуразия көшпелілерінің жасампаз рухының әлсіреген, адамзат баласының тізгінін Еуропаның отырықшы халықтарының алған уақыты. Соған қарамастан Абылай заманында қазақ халқы өзінің мемлекеттілігін сақтау үшін ауыр күрес жүргізді» - деді Жамбыл Омарұлы.

Кездесуден бұрын кітапхана үлкен дайындық жұмыстарын жүргізді. Тарихшыларға кітап алдын ала таратылды, оны оқыған оқырман авторға ғылыми – көпшілік басылымның мазмұны бойынша нақты сұрақтар қойып, сол кездегі тарих туралы өз көзқарасын бөлісті. Сөз кезегінде ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғосман Төлеғұл, қоғам қайраткері Мұрат қажы Ыдырысұлы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Қадыржан Абуев, Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау Мемлекеттік Университетінің филология ғылымдарыныңкандидаты, доцент Сәбит Жәмбек кітапты жоғары бағалап, игі тілектерін білдірді. Кездесу танымдық тұрғыда өте қызықты өтті.

«Соңғы қазақ ханы Кенесары туралы он сериялы фильм түсіргім келеді. Іс тек Ұлы даланың соңғы билеушісі данышпан тұлғаның құрметіне ғана емес. Сол уақыттың геосаяси ахуалын қалпына келтіруге көп назар аударғым келеді» - деген автор, аудиториямен өзінің шығармашылық жоспарларымен де бөлісті.

Жамбыл Омарұлы қаумалаған оқырмандарына өзінің ризашылығын білдіріп, ел ағаларына «Абылай хан» атты кітабын сыйлап, облыстық кітапханаға 50 томдық туындысын естелікке қалдырды.