28 там, 2023 сағат 12:33

«Ұлы дала – көшпенділер әлемі» Халықаралық этнофестивалі өтеді



2-3 қыркүйекте Алматы қаласындағы «Боралдай» сақ қорғандарында «Ұлы дала – көшпенділер әлемі» Халықаралық этнофестивалі өтеді. Қала күніне орайластырылған фестиваль «Алматы – Шанхай ынтымақтастық ұйымының мәдени және туристік астанасы» жобасы аясында ұйымдастырылған.Шараның басты мақсаты - көшпенділермәдениетін, ежелгі тарихы мен салт-дәстүрін көрсету. Фестивальда көшпенділердің жауынгерлік ойындары, саятшылығы, ат баптауы, тағамдары, қолөнері т.б көптеген тұрмыс-тіршілігі  көрсетіледі. Шараға жиналған халық түрлі сайыстарды тамашалап, қызықты шеберлік сабақтарға қатысып, көшпенділердің өткен дәуіріне саяхат жасайды.




Фестивальде Әзербайжан, Түркия, Мажарстан (Венгрия), Малайзия, Башқұртстан, Дағыстан, Чувашия, Алтай,  Бурятия, Өзбекстан және Қырғызстан сынды 10 нан астам мемлекеттен жиналған ең мықты этномузыканттар мен спортшылар өнер көрсетеді.




«Ұлы дала – көшпенділер әлемі» Халықаралық фестивалінде: 

 

50-ге жуық киіз үйлер тігіліп, алтыбақандар құрылды;

Этно ауыл: түйе бау, бие бау, тас диірмен тарту, келі түю;

Ат ойындары аймағы: көкпар, қыз қуу, аударыспақ, теңге ілу, жамбы ату, асауға құрық салу, асауды үйретіп міну өнері;   

Садақшылар мен найзашылар аймағында: садақшылар сайысы,  найза шаншу, садақ атуды үйрену;

Шеберлер аймағында: Жүн сабау, ұршық иіру, киіз, текемет басу, алаша, кілем, ши, кесте тоқу, зергерлік т.б. бұйымдар жасау және шеберлік сабақтары;

Ұсталар аймағында: Ер-тұрман, қыш-құмыра жасау, ағаш, темір, сүйек, көрік басу және ұсталардың шеберлік сабақтары;

Жастар аймағында: Алтыбақан, қыз бен жігіт айтысы, қолкүрес, арқан тартыс, ұлттық ойындар, атқа мініп серуендеу;

Балалар аймағында: Балалар киіз үйлері, логиканы дамытатын ойын алаңқайы, ұлттық ойындар, қуыршақ театры, қолөнер, сурет салу;

Құсбегілер мен саятшылар аймағында: Мұражай жұмыс жасайды, бүркіт, ителгі, қаршыға ұшыру, құмай-тазыны аңға салу;

Көшпенділердің тағамдары аймағы: Жерге көміліп піскен қой, құс еттері, шоққа піскен таба нан, балқуырдақ, әсіп, бүрмеқарын, үлпершек, балқаймақ, бауырсақ, құрт, ірімшік, қымыз, шұбат түрлері;  

 

Сахна және шоу-көріністер аймағы:

а) Саятшылардың шоу бағдарламалары;

ә)  Әртүрлі  мемлекеттердің жауынгерлік ойындар көрсетілімі;

б) Шетелдік және Қазақтандық этнотоптар концерті (Ұлытау, ХасСақ)



 

Фестиваль 2-3 қыркүйек күндері сағат 10.00-18.00 аралығында өтеді.

 

Өтетін орны: Алматы қаласы, Алатау ауданы, «Боралдай» сақ қорғандары. Тұрғындарды фестиваль аймағына жеткізу жағы қарастырылған. 

1.Орталық стадион

2. Н.Сац атындағы театр Шаляпин- 22 (Алтынсарин даңғылы жағынан)

3. "Алатау" дәстүрлі өнер театры ​ (Момышұлы көшесі жағынан)

4. Алматы-1 темір жолы (Автотұрақ)

 

Фестивальға кіру тегін.